Венесуэлада Мадуроның күзетіне жауапты әскери қызметкер отставкаға кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэлада АҚШ-тың әскери араласуы кезінде қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете алмағаны үшін президент Николас Мадуроның күзет қызметіне жауапты генерал-майор Хавьер Маркано Табата қызметінен босатылды, деп хабарлайды Анадолы.

Венесуела президенті
Фото: AFP

Венесуэладағы уақытша президент міндетін атқарушы Дельси Родригес президент Николас Мадуроның күзет бөлімшесіне жауапты болға генерал-майор Хавьер Маркано Табатаны қызметінен алып тастады. Оның орнына Родригес генерал Густаво Гонсалес Лопесті тағайындады.

Ұлттық БАҚ мәліметтері бойынша, Родригес Табатаны АҚШ әскери араласуы кезінде қауіпсіздіктің жеткілікті шараларын қолданбағаны үшін қызметінен босатқан.

Родригес Лопесті президенттің Құрмет гвардиясын басқарушы және Бас әскери контрбарлау басқармасы (DGCIM) бастығы етіп тағайындады.

Коммуникациялар министрі Фредди Наньес әлеуметтік желілерде Лопестің Табата орнына осы лауазымдарға келгенін хабарлады.

Наньестің айтуынша, бұл тағайындаулар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған институттық нығайту және биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етудің бір бөлігі болып есептеледі.

Жергілікті БАҚ мәліметтері бойынша, бұл кадрлық шешім Венесуэладағы билік тепе-теңдігі тұрғысынан шешуші мәнге ие.

Мадуро АҚШ тарапынан тұтқындалғаннан кейін, елдің Қауіпсіздік кеңесі қайта ұйымдастыру процесінен өтіп жатыр, ал жоғарғы командалық құрамда маңызды өзгерістер жасалған.

Сарапшылар Родригестің уақытша президент ретінде өзінің билігін нығайту және ел ішіндегі күш құрылымдарына толық бақылау орнатуға ұмтылып жатқанын атап көрсетеді.

Генерал Лопес кім?

Дельси Родригес тағайындаған генерал Густаво Гонсалес Лопес 2019–2024 жылдары Венесуэла барлау қызметін (SEBIN) басқарған. Бұрын ол Ішкі істер және әділет министрі болған, сондай-ақ Николас Мадуроның билік жүйесіндегі негізгі күштік тұлғалардың бірі саналған.

Лопес елдің күш құрылымдарының ең ықпалды өкілдерінің бірі болып есептеледі. Оның жоғары лауазымға оралуы Венесуэла ішінде де, шетелде де үлкен резонанс туғызды.

SEBIN басқарған кезеңінде Лопестің қызметі халықаралық және адам құқықтарын қорғау ұйымдары тарапынан бірнеше рет сынға ұшырады. Оған адам құқықтарын бұзуға қатысы бар деп айып тағылып, АҚШ пен Еуропалық Одақ тарапынан санкциялар қолданылды. Генерал Лопес АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялық тізіміне де енгізілген.

Айта кетейік, арнайы операция барысында Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы АҚШ-қа жеткізіліп, тұтқындалған. Мадуро Нью-Йоркте есірткі саудасы айыбы бойынша сот алдында жауап берді. Мадуро мен оның жұбайы алғашқы сот отырысында өзін кінәлі деп танымайтындарын мәлімдеді.

Венесуэланың бұрынғы басшысы Николас Мадуро қамауға алынған сәтте киген Nike Tech Fleece спорттық костюмі жаһандық сән трендіне айналды.

Соңғы жаңалықтар