Венесуэлада рақымшылық туралы заңның күші аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэланың уақытша президенті Дельси Родригес саяси істер бойынша сотталған немесе тергеу астында болған адамдарды босатуды көздеген рақымшылық заңының қолданылуы аяқталғанын мәлімдеді, деп жазды Анадолы агенттігі.

Венесуэлада рақымшылық туралы заңның күші аяқталды
Фото: Анадолы

Ел астанасы Каракастағы Мирафлорес сарайында сөйлеген сөзінде Родригес бұл заңның мерзімі аяқталғанын, оның нәтижесінде көптеген саяси тұтқындар босатылғанын атап өтті.

Ол рақымшылыққа ілікпеген немесе оның аясынан тыс қалған тұлғалардың істері баламалы құқықтық тетіктер арқылы қаралатынын қосты.

Родригес ұсынған және саяси тұтқындарды жаппай босатуды қарастырған рақымшылық туралы заң жобасы парламентте 20 ақпанда мақұлданған болатын.

Заң кісі өлтіру, есірткі саудасы, адам құқықтарын өрескел бұзу немесе әскери бүлік сияқты ауыр қылмыстар үшін сотталған тұлғаларға қолданылмады. Оның мақсаты – 1999 жылдан бері Венесуэлада саяси шиеленіс кезеңдерінде жасалған қылмыстар бойынша «жалпы және толық рақымшылық» беру еді.

Олардың қатарында 2024 жылғы президенттік сайлау кезінде «саяси астары бар зорлық-зомбылық» деп танылған әрекеттер де бар.

Айта кетейік, Венесуэлада осы жылдың ақпан айында саяси тұтқындарға амнистия заңы қабылданған болатын.

Соңғы жаңалықтар