Венесуэлада саяси тұтқындарға амнистия жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлада жаңа билік 1999 жылдан бергі кезеңді қамтитын саяси тұтқындарға қатысты амнистия жариялады. Әртүрлі бағалауларға сәйкес, елде саяси баптар бойынша қамауда отырған азаматтар саны 700–800 адам шамасында, деп хабарлайды Euronews.
Венесуэланың уақытша президенті міндетін атқарушы Делси Родригес саяси тұтқындарды босатып, Каракаста орналасқан «Геликоид» түрмесін жабу жоспары бар екенін мәлімдеді.
– Біз 1999 жылдан бастап бүгінге дейінгі саяси зорлық-зомбылық кезеңін қамтитын жалпы амнистияға қатысты заң қабылдау туралы шешім қабылдадық, – деді Делси Родригес елдің Жоғарғы сотында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасы жақын арада Венесуэла Ұлттық ассамблеясының қарауына енгізіледі. Сонымен қатар, «Геликоид» түрмесін әлеуметтік және спорттық орталыққа қайта бейімдеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Құқық қорғаушылардың дерегінше, қазіргі уақытта Венесуэлада 700-800 аралығында саяси тұтқын бар.
Амнистия жариялау туралы шешімге байланысты пікірлер де айтыла бастады. 2025 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадо бұл қадамды АҚШ тарапынан жасалған қысыммен байланыстырды.
– Бұл режимнің өз еркімен қабылдағысы келген шешімі емес, – деді ол.
Оның айтуынша, кейбір тұтқындар 20 жылдан астам уақыт бойы қамауда отыр.
Сонымен бірге Мария Корина Мачадо Делси Родригестің саяси өзгерістерді іске асыру үшін қажетті сенім мен тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайтынын атап өтті.
Ал тұтқындардың отбасылары жақындарының босатылуына үміт білдіргенімен, бұрын бірнеше рет орындалмаған уәделерге байланысты сақтық танытып отыр.
– Біз амнистия туралы заң жобасын абайлап оптимизммен қарсы аламыз, – деп жазды Foro Penal құқық қорғау ұйымы вице-президенті Гонсало Химиоб X әлеуметтік желісінде.
Оның сөзінше, бұл жағдайда амнистия қандай да бір құқықбұзушылық үшін жауапкершілікті мойындау немесе «кешіру» дегенді білдірмейді.
Венесуэлада соңғы рет амнистия 2007 жылы жарияланған. Ол кезде елдің бұрынғы президенті Уго Чавес 2002 жылғы төңкеріске қатысқандарға кешірім жасаған болатын.
Ал 2020 жылы сол кездегі президент Николас Мадуро парламенттік сайлау қарсаңында 110 рақымшылық жарлығына қол қойған. Алайда бұл сайлауды оппозиция бойкоттаған.
Айта кетейік, 9 қаңтарда Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес шетелдік және венесуэлалық көптеген тұтқынның жақын арада босатылатынын мәлімдеген еді.