Венесуэлада жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес АҚШ қарулы күштерінің операциясы барысында қаза тапқан қауіпсіздік қызметкерлерін еске алу мақсатында елде жеті күндік ұлттық аза тұту күнін жариялағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Еuronews.
Америкалық рейд салдарынан Венесуэланың күштік құрылымдарының кемінде 24 қызметкері, сондай-ақ 30-дан астам кубалық әскери қызметші қаза тапқан. Кубада осыған байланысты 5 және 6 қаңтар күндері аза жарияланған болатын.
— Мұнда соғыс жоқ, өйткені біз соғыс жағдайында тұрған жоқпыз. Біз — шабуылға ұшыраған бейбіт елміз. Біз бейбітшілік жолымен жүруді жалғастырамыз. Бүкіл венесуэлалық халық ұлттық бірлікте. Болашағымыз үшін еңбек етіп, тарихымыз бен қадір-қасиетімізді қорғай отырып, бәріміз бірге төтеп берейік, — деді Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес.
Операция нәтижесінде Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы ұсталып, АҚШ-қа әкетілген.
Николас Мадуро Нью-Йоркте есірткі саудасына қатысты айыптар бойынша сот алдына тартылды. Нью-Йорктегі алғашқы сот отырысында Мадуро мен оның жұбайы өздерін кінәлі деп мойындаған жоқ.