Венеция 2150 жылы су астында қалуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Венеция 2150 жылға қарай толығымен су астында қалуы мүмкін. Мұндай болжамды Геофизика және вулканология ұлттық институты жүргізген халықаралық жобаның бір сценарийі қарастырады, деп хабарлайды ТАСС.

Зерттеушілердің қорытындыларына сәйкес, «Моисей» бөгет жүйесі қаланы қорғау үшін жеткіліксіз болады, деп хабарлайды RAI News 24 ақпараттық арнасы.
Су тасқынын модельдеу 2050, 2100 және 2150 жылдарға жасалған. Ең нашар сценарий XXII ғасырдың ортасына сәйкес келіп отыр, бұл кезде 139-226 шаршы шақырым аумақ су астында қалуы мүмкін.
— Қосымша қорғаныс шараларынсыз, су баса қалса Венецияның жергілікті халқы мен мәдени мұрасына елеулі залал келтіріледі, — деп ескертеді ғалымдар.
Олардың түсіндіруінше, климаттың өзгеруімен күшейетін «жоғары су» әсері жердің біртіндеп төмендеуіне және теңізге сіңуіне әкеледі. Қазіргі уақытта бұл процесс жылына 7 мм жылдамдықпен жүріп отыр.
150-ден астам аралға салынған Венецияны жойылып кетуден сақтау үшін арнайы мобильді бөгет жүйесі әзірленген. Бірнеше жыл бұрын құрылысы қымбатқа түскені үшін көп пікірталас тудырған «Моисей» бөгеті іске қосылып, соңғы жылдары Венецияны «жоғары судан» қорғап келеді.
«Жоғары су» құбылысы айдың циклдеріне байланысты теңіз тасқындарынан туындайды және Адриат теңізі лагунасындағы шағын аралдарда орналасқан Венецияның арал бөлігіне тән құбылыс. Дегенмен, су деңгейі мезгіл-мезгіл көтеріліп, Әулие Марк алаңын аздап су басып тұрады.
Айта кетелік венециялықтар гондольерлердің азайып бара жатқанына алаңдаулы.