Венеция кинофестивалінің «Алтын арыстаны» америкалық режиссер Джим Джармушқа бұйырды

АСТАНА. KAZINFORM – Венеция халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесі – «Алтын арыстанды» америкалық режиссер Джим Джармуш «Әке, ана, қарындас, аға» («Father Mother Sister Brother») фильмімен иеленді, деп хабарлайды DW.

Венеция кинофестивалінің «Алтын арыстаны» америкалық режиссер Джим Джармушқа бұйырды
Фото: Scott A Garfitt/Invision/AP Photo/dpa/picture alliance

72 жастағы режиссердің туындысы Нью-Йорк, Париж және Дублин қалаларында әртүрлі буындар тағдырын суреттейтін үш эпизодтан тұрады. Фильмде Том Уэйтс, Адам Драйвер, Шарлотта Рэмплинг, Кейт Бланшетт, Индия Мур және Вики Крипс секілді танымал актерлер ойнаған.

Фестивальдің екінші жүлдесі – «Күміс арыстан» тунистік режиссер Каутер Бен Ханьидің «Хинд Раджабтың дауысы» («The Voice of Hind Rajab») фильміне берілді. Картина Газа секторында 2024 жылдың қаңтарында қаза тапқан палестиналық қыздың соңғы минуттарын бейнелейді.

Үздік режиссер аталымында америкалық Бенни Сэфди («The Smashing Machine») марапатталды.

Үздік сценарий жүлдесін француздар Валери Донзелли мен Жиль Маршан «Жұмысқа» («À pied d'œuvre») фильмі үшін алды.

Әйелдер арасындағы үздік рөл үшін марапат Қытай актрисасы Синь Чжилэйге («Күн бәрімізге шығады») берілсе, ерлер арасындағы үздік рөлді италиялық Тони Сервилло («Мейірім») орындады.

Ал үздік дебютке арналған Lion of the Future жүлдесін ресейлік режиссер Настя Коркия «Қысқа жаз» фильмі үшін иеленді.

Айта кетейік, «Palestine 36» фильмі 2026 жылғы Оскар сыйлығына Палестинаның ресми үміткері атанды.

Соңғы жаңалықтар