Венгриядағы Орталық Еуропа университеті жаңа заңның күшіне енуіне қарсы

Парламент мақұлдаған құжат шетелдік университеттердің қызметін күрделендіруді көздейді. Алайда халықтың көбі оған қарсы.
Орталық Еуропа университеті де жаңа заңның күшіне енуіне қарсы. Бұл оқу орны 1991 жылы америкалық миллиардер Джордж Соростың қаржысына ашылған болатын. АҚШ-та тіркелген. Алайда бұл жерде білім беру мекемесі жұмыс істемейді. Ал Венгрия заңына енгізілетін түзетулерге сай, енді шетелдік университтердің тіркелген елінде де оқу алаңы болуы міндет.
«Орталық Еуропа университеті Венгрия аумағында заңға сәйкес жұмыс істеп отыр. Оны дәлелдеу оп-оңай. Ал заңның жаңа нұсқасына келетін болсақ, меніңше, ол асығыс қабылданған. Құжатта не Венгрия тұрғындарының, не жоғары оқу орындарының басшылығы мен қызметкерлерінің, не халықаралық ұйымдардың пікірі ескерілмеген», - дейді Орталық Еуропа университетінің проректоры Ливиу Матеи.
Оқуды ысырып қойып, ереуілге шыққан студенттердің де пікірі осыған саяды. Ел астанасы Будапешт көшелеріне мыңдаған адам жиылған. Олар Венгрия президентінен парламенттің мақұлдаған құжатын кері қайтарып, қол қоймауын сұрап отыр.