Венгрияның Энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі елшісі «НАБУКО» жобасына қатысты келіссөз жүргізбек

Бүгін Венгрия Республикасының Қазақстандағы елшілігінде осы мәселеге қатысты журналистермен сұхбат өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы кезеңдерде «НАБУКО» газ құбыры жобасына қатысты Қазақстанның ұстанымы біршама өзгергенін байқап отырмыз. Бұны біз қолдаймыз әрі бұндай қазақстандық қадамды тек Орталық Азия үшін ғана емес, Еуропалық одақ елдері үшін де маңызды деп санаймыз. Сонымен бірге, Еуроодақ үшін энергиямен қамтуды әртараптандыру соңғы жылдары аса маңызды басымдыққа ие болып отыр», деді журналистермен кездесу барысында Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Балла Янош. Оның айтуынша, дәл осы мәселе бойынша Венгрия Республикасының Ерекше істер жөніндегі және Энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі арнаулы елшісі Михайл Байер қазақстандық тараппен келіссөздер жүргізу мақсатында келген. Алдағы екі-үш күн айналасында жоспарланған кездесулер барысында М. Байер тек «НАБУКО» жобасы жөнінде ғана емес, жалпы энергетикалық ынтымақтастық жайында әңгіме жүргізуге ниетті.
«Еуропа елдері үшін бүгінгі күні энергия сатып алу көздерін әртараптандыру мәселесі өзекті болып табылады. Бұл тек энергиямен қамтамасыз ету деген сөз емес, белгілі бір деңгейдегі қауіпсіздік пен тәуелсіздік дегенді білдіреді. Ал «НАБУКО» жобасы Қазақстанға да осы деңгейде қажетті болар деп ойлаймын. Өйткені, Еуропаға сатып алуды әртараптандыру маңызды болса, Қазақстанға нарықты әртараптандыру қажет. Сондықтан да біздің мүдделеріміз бір арнаға тоғысады деп айтуға болады. Осыған байланысты «НАБУКО» жобасы ынтымақтастық үшін керемет мүмкіндік», деді М. Байер.