Ветеринариялық құжаты жоқ мал өнімін сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық құжаты жоқ мал өнімдерін сатқандарды қылмыстық жауапқа тартуды ұсынып отыр.

— Жеткізушілер мен ветеринариялық құжаттарсыз өнім сатып алушыларға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет. Ветеринарияны одан әрі трансформациялау — цифрландыруды жетілдіруді, тауарлар қозғалысының қауіпсіздігі мен қадағалануы бойынша заңнаманы жақсартуды, жүкке ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейтуді, жергілікті әкімдіктердің өкілеттерін кеңейтуді, мал сырғасын ұйымдасқан шаруашылықтардың өз бетінше сатып алуы арқылы бюджет қаражатын азайтуды көздейді, — деді министр Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, министрлік елдегі малдың айналымын 7 қосымша сервис арқылы жүйелі түрде бақылап отыр.
— Әрбір жануарға жеке нөмір беріледі. Барлық дерек пен ветеринариялық рәсім тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервистерді пайдалану арқылы уақыт үнемдеп, қателік қаупін азайтады, — деді министр Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыру қалай жүріп жатқанына шолу жасаған едік.