Ветеринарлардың жалақысы көтеріле ме
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – ветеринария қызметкерлерінің күні. Қазақстандық ветеринарлар кәсіби мерекесін қалай атап өтуде? Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған сала мамандары жауап берді.

– Бізде мереке қарсаңында біраз шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгін ветеринар мамандарына берілетін сый шаралары да өткізіліп жатыр, - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринария саласындағы халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Қызғалдақ Жұбатқанова.
Ал Биологиялық қауіпсіздік басқармасының бас сарапшысы жақында ветеринарлардың жалақысы көтерілетінін жеткізді.
– Қазір дәл осы салада маман тапшылығы ауыл-аймақтарда сезіліп жатыр. Десе де кеше Үкімет отырысында Үкімет басшысы әкімдіктерге жалақыны көтеру бойынша арнайы тапсырмалар берді. Жалақы көтерілгеннен кейін білікті мамандар да тартылады деп сенеміз, - дейді Азамат Өмірқұл.

Мамандар бұл сала тек жануарларды емдеумен шектелмейтінін айтады.
– Ветеринария саласы тек қана жануарлардың ауруын емдеумен шектелмейді. Одан бөлек, біз өзге мемлекеттермен де бірлесіп жұмыстар атқарамыз. Жануардан алатын өнімдерді экспорттауға арналған ветеринариялық құжаттарға келісімшарттар жүргіземіз. Сонымен қатар бізде шекарада бақылау-қадағалау, эпизоотиялық ахуалды бақылау міндеттері бар. Теміржол, әуежай бекеттерінде біздің ветеринар инспекторлар тұрады. Біз сыртқы елден импортталатын тауарларды қадағалаймыз. Ол өнімдерді импорттау алдында біз сол елге тексеруге барамыз. Бұл сала күрделі болғандықтан біз жан-жақты жұмыс істейміз, - дейді Қызғалдақ Жұбатқанова.
Студия қонақтарының сөзінше, ветеринария саласына қызығушылардың саны жыл санап артып келеді.
– Қазір жастардың осы салаға деген қызығушылығы артып келе жатыр. Өйткені қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасымен ветеринария саласына үлкен көңіл бөлінуде. Жергілікті жерлерде материалдық-техникалық базалары жаңартылып, жалақысы көтерілуде. Және әр өңірде мамандарды ынталандыру мақсатында оқу-жаттығу жиындары да жүргізіледі, - дейді Биологиялық қауіпсіздік басқармасының бас сарапшысы.

Ветеринария саласындағы халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы жас мамандарды ғылыми бағытта да жұмыс істеуге шақырды.
– Жастарға тек мал ауруымен шектелмей, басқа да қызықты жұмыстарға назар аударуын айтқым келеді. Бізде түрлі қызықты бағыттар көп. Ветеринария саласы ғылыми түрде де жұмыс атқарады. Мәселен, коронавирус кезінде негізгі вакциналарды зерттеп тауып, шығарған – осы ветеринария саласындағы мамандар. Онда қызметкерлер әртүрлі аурулармен жұмыс атқарады. Сол себепті, біз мамандарды осы салаға шақырамыз, - дейді ол.
Еске сала кетейік, енді ветеринариялық құжаты жоқ мал өнімін сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Одан бөлек, жақында Ауыл шаруашылық министрлігі Абай облысындағы 10 ауданның жетеуінде ветеринариялық станса жоқ екенін хабарлады.