Вьетнамда «Буалой» тайфунының салдарынан мерт болғандар саны 34-ке жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Соңы су тасқыны мен көшкінге ұласқан «Буалой» тайфуны Вьетнамда 34 адамның өмірін қиды. Сондай-ақ 20 адам із-түзсіз кеткендердің қатарында, 140 адам жарақат алған. Бұл туралы Вьетнам ақпарат агенттігі хабарлады деп жазады Синьхуа.

Алдын ала мәліметтер бойынша, табиғи апат салдарынан келген шығын 8,78 трлн Вьетнам донгын (356 млн доллар) құраған.
-Табиғи апат салдарынан инфрақұрылым бүлініп, 8200 электр бағаны құлап, 2,7 млн үй шаруашылығы жарықсыз қалған, 3 мыңнан астам жол су тасқыны мен көшкіннен жабылып қалған,-делінген хабарламада.
Жергілікті билік шығынды нақтылаумен айналысып жатыр, электрмен қамтамасыз ету және телекоммуникация қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр.
Осыған дейін «Буалой» тайфуны келтірген залал 303 млн долларға бағаланған болатын.