Вьетнамда су тасқыны салдарынан 72 адам қаза болды
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамның орталық бөлігіндегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 72 адамға жетті, деп хабарлайды Синьхуа.
Сенбі күніндегі жағдай бойынша Вьетнамның орталық аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 72 адамға дейін өсті. Бұл туралы елдің Су қоймаларын басқару және табиғи апаттардың алдын алу департаментіне сілтеме жасап VnExpress газеті хабарлады.
Мәліметке сәйкес, тағы 13 адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Вьетнамның Құрылыс министрлігі соңғы есебінде 33 жолаушылар пойызының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын, ал басқа көптеген пойыздардың қозғалысы теміржол желісінің кей бөлімдерінде уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
Алдын ала есеп бойынша, су тасқынынан келтірілген экономикалық шығын шамамен 9 триллион вьетнам донгын (шамамен 358 млн АҚШ доллары) құрайды.
Бұдан бұрын Вьетнамда су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 55 адамға жеткені хабарланған еді. Өкінішке қарай, мерт болғандар саны күн санап артып отыр.