Вьетнамда тайфуннан 7 мың үй бүлінді
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамда «Кадзики» тайфуны салдарынан кемінде үш адам қаза тауып, тағы он адам жарақат алды, деп хабарлады Vietnam+.

Басылымның мәліметінше, табиғи апат 7 мыңға жуық үйді зақымдап, 29 мың гектарға жуық күріш алқабын су басқан, 18 мың ағашты тамырымен жұлып кеткен.
Үкіметтің мәліметінше, 331 электр бағанасы қирап, бірнеше провинция – Тханьхоа, Нгеан, Хатинь, Тхайнгуен және Футхо электр жарығынсыз қалды. Ханой көшелерін де су басты.
Тайфун Вьетнамның солтүстік жағалауына 25 тамызда соғып, 26 тамызда таңертең әлсірей, Лаосқа көшті. Дегенмен, синоптиктер солтүстік облыстарда жаңадан су тасқыны мен көшкін болатынын ескертіп, кейбір аудандарда 6 сағатта 150 миллиметрге дейін жаңбыр жауады деп болжанған.
Еске сала кетейік, Вьетнамда «Кадзики» тайфунына байланысты шұғыл шаралар қолға алынды.