Вице-министр А.Қырықбаев Қазақстанның баспагерлерімен және кітап таратушыларымен кездесті

 АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаевтың төрағалық етуімен Қазақстанның баспагерлерімен және кітап таратушыларымен кездесу өтті.
None
None

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті.

А. Қырықбаев кездесуде Мәдениет және ақпарат министрлігінің былтырғы жылғы атқарған қызметі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен 2011 жылы жарыққа шыққан және биылғы жылға жоспарланған әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер туралы, министрлік тарапынан әзірленген Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жазылған белгілі жазушылар мен журналистердің шығармалары және «Тәуелсіздік толғауы» байқауында жүлделі орын алған белгілі драматургтердің пьесалары енген жаңа топтамалар туралы толық ақпарат берді.

Сондай-ақ, вице-министр мемлекеттік тапсырыс бойынша  шыққан барлық әдебиеттердің электрондық нұсқалары министрліктің интернет-ресурсында орналасатынын атап өтті.

Кездесу барысында авторлық қаламақы мәселесі көтерілді. Оның атап өтуінше, еліміз нарықтық экономикаға өткенге дейін баспалар мемлекеттік меншік нысанында болды және кітапты басып шығару республикалық бюджеттен қаржыландырылып, авторлық қаламақының көлемі тиісті мемлекеттік органдармен бекітілді. Ал, қазіргі таңда авторлық қаламақы мәселесі «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, автор мен баспа арасында жасалған авторлық келісімшарттың талаптарымен реттеледі.

Аталмыш кездесуде «Мектеп» баспасының директоры Ерлан Сатыбалдиев, «Жібек жолы» шығармашыл-полиграфиялық бірлестігінің құрылтайшысы Бақытжан Қанапиянов және Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Жанат Сейдумановтар ұлттық кітап шығарудың ағымдағы жағдайына, қазақстандық қоғамның  рухани дамуындағы кітаптың рөлі мен қазақстандық баспагерлердің өзекті мәселелері туралы сөз сөйледі.

Кездесу соңында  вице-министр аталмыш іс-шараға белсенді атсалысқан қазақстандық баспагерлерге алғысын білдіріп, мұндай кездесулер баспа-полиграфиялық және ұлттық кітап шығаруды дамыту салалары аясында туындаған мәселелердің шешілуіне үлкен септігін тигізетінін сеніммен жеткізді.

Соңғы жаңалықтар