«Выгодный депозит»: Ақтөбеде үш жыл бұрын сотталғандар тағы да жауапқа тартылып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қаржы пирамидасына ақша салған тағы 6 жәбірленуші арыз түсіріп, 7 сотталушы сот алдында жауап беріп жатыр. Олар өзіне тағылған айыпты мойындамады.
«Выгодный депозит» қаржы пирамидасына қатысты іс сотта 2021-2023 жылдары қаралды. 2019 жылы «Выгодный депозит» компаниясын ашып, басшылық еткен Д. Аймағамбетов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол жылдары 800-ге жуық жәбірленуші тіркеліп, шығын 4 млрд теңгені құрады.
№ 2 Ақтөбе қалалық сотында қазіргі кезде тағы 6 жәбірленушінің талап арызы қаралып жатыр. Іс Қылмыстық кодекстің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша қозғалған. Бүгінде сотталушылардың кейбірі жазасын өтеп, бостандыққа шыққанымен жаңа талап арыз бойынша қайта күдікке ілікті.
— 2019 жылы тамызда танысым осы компания туралы айтты. Табыс табу үшін 1 300 000 теңге салдым. Күйеуінің атынан тағы 200 000 аудардым. Ол кезде екі құжатқа да өзім қол қойдым. Мен 227 500 теңгеден үш рет, күйеуім 35 000 теңгеден үш рет алды. Енді 712 500 теңгені қайтармай тұр, — деді жәбірленуші.
Сотталушылардың бәрі де өзіне тағылған айыпты мойындамады, кейбірі жауап беруден бас тартты. ІТ маманы, бас менеджер, кеңсе тауарына жауапты мамандар жалдамалы жұмысшы болғанын айтты. Алайда олар да миллиондап өз қаржысын салып, кері ала алмаған. Ал «Выгодный депозит» ЖШС-ін ашып, оны басқарған сотталушы Дархан Аймағамбетов «Гарант 24» қаржы пирамидасына ақша салып, жұмыс істеу жүйесін үйренген. Содан соң өзі «Выгодный депозит» компаниясын ашқан. Кейін жұмысшыларды жинап, Алматыдан, Атырау, Ақтөбеден кеңсе ашады. Әрі қарай адамдармен келісімшартқа қол қойып, ақша, көлік алған.
— Қазір менде 128 млн теңге қарыз қалды. Яғни қарыздың 80 пайызын өтедім. Мен адамдардан ақша алсам, оны инвестицияға салдым. Сөйтіп табыс тауып, адамдарға аударып отырдым. Мен өзіме тағылған айыпты мойындамаймын, — деді сотталушы Д. Аймағамбетов.
Сот жарыссөзі келесі аптада өтеді.