VII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде Қазақстан 2-ші орынға ие болды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, барлығы көрмеге әлемнің 26-дан астам мемлекетінен кітап шығарушылар қатысты. Қазақстан делегациясына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Борашев жетекшілік етті.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасы аталмыш іс-шараға Құрметті қонақ ретінде қатысты. Көрмеге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің қолдауымен 800-ден астам кітап аталымы мен қазақ қолөнері бұйымдары ұсынылды.
Көрме-жәрмеңкесі аясында 6 номинация бойынша конкурс жарияланып, Қазақстан әртүрлі дәрежедегі 6 дипломды жеңіп алды! Оның ішінде 5-і номинациялар бойынша болса, 1-і үздік рәсімделген көрме үшін.
Конкурс келесідей номинациялар бойынша өткізілді: 1. «Жыл кітабы», 2. «Жыл оқу құралы», 3. «Балаларға арналған кітап», 4. «Көркем басылым», 5. «Полиграфиялық үздік орындалған кітап», 6. «Баспалық үздік рәсімделген кітап».
Жалпы конкурстық комиссияға 12 отандық кітап өнімдері ұсынылды.
Республика тарапынан ұсынылған экспонаттар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған кітаптар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы кітаптар, қазақ қоғамының рухани-танымдық және интеллектуалдық-мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты отансүйгіштік, ұлттық және жалпы адами құндылықтар идеалдары рухында тәрбиелеуге және қазақ елінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-танымдық және мәдени өміріндегі жетістіктерді кеңінен танытуға бағытталған көркем, ғылыми, публицистикалық және басқа да өзекті шығармалар ұсынылған болатын.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар мен қонақтарды қазақ елінің салт-дәстүрлерімен таныстыру мақсатында біздің делегация тарапынан концерттік бағдарлама және Түркіменстан Республикасының атақты қаламгерлері мен қайраткерлерімен шығармашылық кездесу мен қазақ қолөнері бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.