Виктор Орбан: Атажұртқа оралу қашанда керемет
Қазақстан мен Мажарстан арасында қауіпсіздік мәселесінің талқылануы өте маңызды. Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы кездесу қорытындысында осындай пікір айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда ынтымақтастығымызды дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу — мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынасымыздың әлеуеті зор», — деді Виктор Орбан.
Мейман Қазақстанға соңғы рет пандемияға дейін келгенін еске алды.
«Ол кезде байланысымыз жақсы дамып келе жатқан. Бірақ, өкінішке қарай Covid-19 соның бәрін кідіртіп тастады. Бүгін сол қарқынды қалпына келтіру үшін келіп отырмыз. Бұл өңірдегі байланысымыз негізінен тарихи тамырластықпен байланысты. Біз сіздердің жетістіктеріңізге қуанып отырамыз. Туысымызда бәрі жақсы болса, бұл бізге де жақсы. Отбасы тұтас бақытты болғаны жақсы. Сіздер осында — шығыстасыздар, әл біз — батыстамыз. Шығыстың батысты түсінуі, батыстың шығысты түсінуі әрдайым оңай бола бермейді. Бірақ осы жерде әлемге бірлесіп көз тастауға болады. Біз қазір қауіпсіздік тұрғысынан тұрақсыз кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл мәселелерді достарымызбен, бауырлас халықтармен талқылау өте маңызды. Тек экономика емес, қауіпсіздік мәселесін де. Мажарстан қазір Еуропаның күрделі бөлігінде тұр. Іргемізде Украина мен Ресейдің соғысы жүріп жатыр», — деді Мажарстан Премьер-Министрі.
Бұған дейін Ақордада Мажарстан Премьер-Министрін қарсы алу салтанаты өткенін жазған едік.
Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанмен кездесу кезінде екі елдің бауырластық байланысы туралы айтты.
Еске салсақ, кеше кешке Виктор Орбанды Астана әуежайында вице-премьер Серік Жұманғарин күтіп алған болатын.
Қазақстан басшылығымен келіссөз барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтеді.
Оған Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, бақылаушы мемлекеттер — Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.