«Вилка емес — шанышқы!»: Қазақ тіліне ғашық ететін контент
АСТАНА. KAZINFORM — «Бүгін LIVE» бағдарламасының кезекті санында QazaqshaLike жобасының авторы Ердігүл Дәдібасқызы мен оның қызы Кербез Уатжанқызы қонақ болды. Үш жыл бұрын ғана жұмысын бастаған парақшаға қазір 188 мың оқырман жиналып үлгерген. Әріптестерімізге сұхбат берген кейіпкеріміз өзінің негізгі мақсатын түсіндірді.

— QazaqshaLike инстапарақшасын өзім жүргіземін. Негізгі мақсатымыз — орыс тілді азаматтар мен өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін, қазақ мәдениетін, қазақ өнерін насихаттау. Осылайша адамдардың қазақ тіліне деген махаббатын ояту. Өзім қазақ тілін онлайн оқытамын. Шетелдік көптеген студенттерім бар. Бұл — Мұқағали: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарамын», — дегені секілді, қазақтың қарапайым, күнделікті өмірде қолданатын сөздерін әрлеп, безендіріп, монтаждап халыққа жеткізу, — дейді кейіпкеріміз.
Әсіресе соңғы кездері Ердігүл Дәдібасқызының қызымен түсіретін контенті халық арасында кең таралып жүр.
— Соңғы уақытта Кербез қызыммен түсірген бейнеролик өте жылдам әрі көп қаралым жинап, әлеуметтік желіде кең таралып кетті. Бұған дейін де біз түсірген видеолар миллионнан астам қаралым жинап жүрді. Бірақ ол кезде қызым түспейтін, — дейді анасы.
QazaqshaLike жобасының авторы қызымен контент түсіру идеясы қайдан келгенін де түсіндірді.
— Көптеген жас отбасылар секілді мен де қателік жібергенмін. Ол — балаларымыздың қолына ерте жастан смартфон ұстату. Ал оның ішінде тұтынатын ақпараттардың көбі өзге тілде. Соған сәйкес балаларымның тілі шұбарланып бара жатқанын байқадым. Әсіресе орыс тіліне басымдық беріліп келе жатты. Биыл отбасымызда ереже енгіздік. Ол — отбасының ішінде, дастарқан басында тек қана қазақша сөйлесу. Бала деген жұмсақ қой, тез сіңіріп алады. Біз айтқан әрбір ескертуді бұл бала да сіңіріп алып, бірте-бірте өзімізді жөндей бастады. Мысалы, «кухняға кір» десем, «кухня емес — ас үй», «вилка берші» десем, «вилка емес — шанышқы» деуді шығарды. Содан кейін «неге осындай форматта бейнеролик түсіріп шығармасқа?» деген идея келді, — дейді ол.
Одан бөлек Ердігүл Дәдібасқызы балаларды қазақша сөйлеуге үйрететін «Анашым, менімен қазақша сөйлесші» атты кітап шығарған.
— «Анашым, менімен қазақша сөйлесші» кітабының да негізгі мақсаты осыдан туындады. Және ол кітапшаны мен оқырмандарға тегін тараттым. Көп адамдар қызығушылық танытты. Телеграм арнасында тегін таратамыз. Оның ішінде де осындай диалогтар берілген, — дейді студия қонағы.
Бір-бірімен тек қана қазақ тілінде сөйлесетін жанұя балаларының өзге тілдерді де меңгеруіне қарсы еместігін айтады.
— Балаларымыз қос тілді болып өсіп келе жатыр. Аулада балалармен орысша сөйлеседі. Мен бірнеше тілді меңгеруге мүлде қарсы емеспін. Мысалы, балаларымыз екі тілде де еркін сөйлей алады. Ағылшын тілін үйреніп жүр. Ұлым неміс тілін үйреніп жүр. Көп тіл білу — көп әлемге есік ашады. Бірақ отбасында, дастарқан басында, үйдің ішінде міндетті түрде ана тілінде сөйлеуі керек. Отбасында ата-анасы тек қазақша сөйлесе, баланың тілі қазақшаланады, — дейді Ердігүл Дәдібасқызы.
Еске сала кетейік, бұған дейін BIZDIÑ ORTA подкасында сұхбат берген Назгүл Қожабек «Қазақ тілі стандартын жасау керек» деген пікір білдірген еді.