Виталий Жуковскиймен бірге «Атырау» футбол клубына кімдер кері оралды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін «Атырау» футбол клубының бас жаттықтырушысы қызметіне кіріскен Виталий Жуковский серіктерін кері шақырды. 

Виталий Жуковскиймен бірге «Атырау» футбол клубына кімдер кері оралды
Фото: «Атырау» футбол клубы

«Атырау» футбол клубы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бас жаттықтырушының бұрынғы серіктері кері оралған. 

— Бұған дейін біздің командада екі жарым жыл қызмет еткен оның серіктестері Павел Плют пен Андрей Мисюк те «мұнайшылар» сапына қайтып келді. Павел Плют бас бапкердің көмекшісі, Андрей Мисюк физикалық дайындық жөніндегі жаттықтырушы болып тағайындалды, — деп хабарлады футбол клубының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Қуаныш Қабдолов енді «Атырау» футбол клубының жаңа спорт директоры лауазымын атқарады. 

— Жергілікті маман 2009-2012 жылдар аралығында «Атыраудың» жастар командасында бас бапкер көмекшісі болып еңбек етті. 2013 жылы «Атырау» футбол орталығының басшысы болып тағайындалды. Оның бапкерлігімен 1999 жылы туған жасөспірімдер командасы Қазақстан біріншілігін жеңіп алды, — деп мәлім етті команданың баспасөз қызметінен. 

Ол 2014-2020 жылдары «Атырау» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі, бас жаттықтырушы міндетін атқарған. Сол кезеңде — 2017 және 2019 жылы жергілікті команда екі мәрте Қазақстан Кубогінің финалына шыққан.

— Кейін 2021-2022 жылдары «Тұранның» бас бапкеріне көмектесіп, содан соң команда тізгінін өзі ұстады. Ал былтырғы маусымда ақтаулық «Каспийдің» бас бапкері ретінде Бірінші лиганың қола медалін жеңіп алды. «Атырау» QJL командаларының координаторы болды. Биылғы маусымда «Атырау» ФК бас бапкерінің міндетін уақытша атқарды, — деп мәлімдеді баспасөз қызметі. 

Еске сала кетелік, бұған дейін «Жеңіспен» кездесуден соң Денис Мамонов «Атырау» футбол клубының бас жаттықтырушысы қызметінен кетті

Ал кеше «Атырау» футбол клубынан бір мезгілде 8 ойыншы кететінін хабарлаған болатынбыз
Бүгін Виталий Жуковский қайтадан «Атырау» командасының бас жаттықтырушысы болғанын  жазған едік

Соңғы жаңалықтар