Вице-министр 16 млн азаматтың дерегі туралы: Ешкім есеп жазбаларын бұзып кірмеген
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев 16 млн қазақстандықтың дербес дерегі қалай қолды болғанын айтты.

— Тексерген кезде бұл қалай болуы мүмкін екенін көрсететін жекелеген сипаттар анықталды. Оның ішінде деректер заңды есеп жазбаларынан шығып кетті деген нұсқа да бар. Ешкім есеп жазбаларын бұзбағанын айтқым келеді, — деді вице-министр.
Оның сөзінше, дербес деректерге қол жеткізу мүмкіндігі бар адамдар ұрлық жасаған болуы мүмкін.
— Дербес дерекке ресми түрде қол жеткізе алатын адам логин, құпия сөз сияқты деректерді үшінші тұлғаларға берген болуы мүмкін. Немесе сонда адам өзі ұрлап, дербес деректің бәрін жүктеп шығарған. Осындай да нұсқа бар. Тиісті органдарға ол материалдар берілді. Тергеу құпиясы деген болғандықтан, әр қарай не болғанын бізге айтқан жоқ. Тергеу әлі жүріп жатыр, — деді Досжан Мұсалиев
Бұған дейін ҰҚК 16 млн адамның жеке дерегінің таралуы бойынша тергеу жүргізіп жатқанын жазған едік.