Вице-министр: БАҚ сөзін «масс-медиа» ұғымына өзгертуіміз қажет
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске БАҚ-қа қатысты қандай өзгеріс енгізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Әділет министрлігінде өткен Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі кеңесте «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне БАҚ мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» консультативті құжат талқыланды.
Талқылаудан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қанат Ысқақов аталған өзгертулер журналистерге ешбір шектеу қоймайтындығын айтады.
«Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте «БАҚ» сөзі көрсетілген. Бірақ, біз «Масс-медиа туралы» заң қабылдайтын болғандықтан БАҚ ұғымын барынша жан-жақты әрі түсінікті «масс-медиа» ұғымына өзгертуіміз қажет. Соған орай барлық заңнамалық актілердегі аталған сөз өзгеретін болады», – деді вице-министр.