Вице-министр: Медицина мамандарының басым бөлігі 400 мың теңге жалақы алып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында айлығы аз дәрігерлерге қосымша табыс табу мүмкіндігі қарастырылғанын айтты. 

Вице-министр: Медицина мамандарының басым бөлігі 400 мың теңге жалақы алып жүр
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

— Астанадағы ірі медициналық ұйымда патологоанатом болып жұмыс істейтін әйел маман әлеуметтік желіге өз табысы туралы жазба шығарды. Қазан айындағы жалақысы 6 күндік ақысыз демалыспен қосқанда 120 мың теңге болған. Бұл медицина маманы үшін қалыпты жалақы деп есептейсіз бе, — деп сұрады журналист.

Тимур Мұратов елдің экономикалық ахуалы дәрігерлерге қазіргіден артық ақша төлеуге мүмкіндік бермейтінін айтты.

— Шынымды айтсам, аз. Біз дәрігерлер аз төлейміз. Дәрігерлік немесе клиникалық медицина әлемде ең жоғары айлық төленетін мамандықтың бірі болып есептеледі. Бірақ елдегі жағдайды, экономикадағы жағдайды түсіну керек. Өкінішке қарай, дәрігерлерге қазіргіден артық төлей алмаймыз. Ауруханалар мен емханалардың көбі шаруашылық жүргізу құқығы бар мекеме мәртебесін иеленген. Сол арқылы дәрігерлерге тегін кепілдендірілген медициналық қызмет түріне кірмейтін, міндетті медициналық сақтандыру қоры төтеп бермейтін басқа сервистік қызмет көрсету арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік береміз. Мұндай қызметтен түскен ақшаны ауруханалар өзіне қалдыра алмайды, — деді ол.

Вице-министр Оңтүстік Корея сияқты медициналық-әлеуметтік салымдардың көлемі жоғары елдерде дәрігер айлығы да жоғары екенін еске салды.

— Жалпы денсаулық сақтау жүйесінде медианалық айлық мөлшері 400 мың теңгенің айналасында. Сіз айтып отырған патологоанатом доктор болса, ондай докторлардың айлығы да осы маңайда болу керек, — деді Тимур Мұратов.

Ал «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков дәрігердің жалақыны қанша алатыны тікелей басшысының іскерлігіне байланысты деген пікір білдірді.

— Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасын басқарып көрген адам ретінде айтсам, мұндай жағдайларды білемін. Біздегі ауруханалар мен емханалар негізінен шаруашылық жүргізу құқығы бар ұйымдар. Сондықтан ондағы қызметкерлердің жалақысы басшысына, менеджментіне байланысты. Мен істеген кезде кейбір медбикелер мен дәрігерлеріміз 1 млн теңгеге дейін жалақы алғанын білемін. Сараланған еңбекақы деген ұғым бар. Сондықтан бұл мәселе медициналық ұйым басшысының деңгейінде шешілу керек, — деді «СҚ-Фармация» басшысы.

Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылады

Соңғы жаңалықтар