Вице-министр Ордабаев: Қазақстандықтар 85 мың теңгеге күнелтуі керек деген жоқпын
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 85 мың теңгеге өмір сүруге болатыны туралы атышулы мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен қазақстандықтар 85 мың теңгеге өмір сүруі керек деп айтқан жоқпын. Жоқ, әрине. Бұл – мемлекет бекітетін, жұмыс берушілер одан аз төлей алмайтын, ең төменгі кепіл берілген деңгей. Қазір еңбек нарығында бұдан жоғары айлықтар бар екені түсінікті. Оның мөлшері жұмысшының біліктілігіне, біліміне, қабілетіне байланысты», – деді вице-министр бүгін Астанада Еңбек күніне арналған форум алдында.
БАҚ өкілдері тәжірибесі жоқ жастарға 85 мың теңгеге қалай күнелтуге болатынын сұрады.
«Ал жас қызметшілер туралы айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамтудың түрлі шараларын белсенді ұсынып отыр. Мемлекет тарапынан жастарға арналған субсидия бар, «Алғашқы жұмыс орны» дейтін жастар тәжірибесі бар. Бұл жоба бойынша еңбекақының бір бөлігін мемлекет 103 мың теңге көлемінде субсидиялайды. Қалғанын жұмыс беруші төлеуі керек», – деді Олжас Ордабаев.