Вице-министр Үкіметке түскен шағымдар туралы: Дәрі-дәрмектің өткір тапшылығы жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өзіне елде кейбір дәрілердің тапшылығы туралы ақпарат жеткенін айтып, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратовтан соның рас-өтірігін сұрады. 

Вице-министр Үкіметке түскен шағымдар туралы: Дәрі-дәрмектің өткір тапшылығы жоқ
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

— Дәрі-дәрмектің кейбір түрінде тапшылық бар екені туралы ақпарат түсіп жатыр. Бұл рас па, қандай шара қабылдап жатырсыздар, — деп сұрады Премьер-министр.

Вице министр жекелеген дәрілердің тапшылығы туралы шағым министрлікке жыл бойы түсіп жататынын айтты.

— Жыл бойы біздің министрлікке кейбір өмірге маңызы бар дәрі-дәрмектің жетпей жатқаны туралы арыз-өтініштер келіп түсіп жатады. Министрлік соған байланысты мынандай жүйелік шараларды қабылдап жатыр. Әуелі біз біз «СҚ-Фармация» жанынан көлемі 21 млрд теңгеге жететін тұрақтандыру қорын ашып, сол жерде өмірге қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрілердің резервін сақтауға мүмкіндік алдық. Биыл сатып алулардың ережесін жетілдіру нәтижесінде 70 млрд теңге үнемделген. Сол ақшаны қажетті дәрілерді сатып алуға жұмсадық. Оған қоса өңірлерде дәріхана жүйесін кеңейтуді көздеп отырмыз. «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша салынған медициналық ұйымдардың бәрінде дәріхана бекеттерін ашу жоспарланған, — деді Тимур Мұратов.

Олжас Бектенов дәл қазір елде дәрі тапшылығы бар-жоғын қайта нақтылады.

— Дәл қазір өте өткір тапшылық жоқ, — деп қысқа қайырды вице-министр.

Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылап жатыр

Соңғы жаңалықтар