Вице-премьер Алакөлге барады: Президенттің сынынан кейін Үкімет отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туристік саладағы тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Вице-премьер Алакөлге барады: Президенттің сынынан кейін Үкімет отырысы өтті
Фото: ҚР Үкіметі

Онда Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Алакөл көлінің жағалауындағы ахуал туралы, сондай-ақ туристік инфрақұрылым, сервис және қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, еліміздің туристік аймақтарында жазғы демалыс пен қолайлы жағдайларды ұйымдастыру жөніндегі баяндамалары тыңдалды. 

Премьер-министр өңір әкімдері мен министрлерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Бірқатар тапсырма берілді.

Мемлекет басшысы берген ескертулерді жедел жою үшін жергілікті жерлерде жұмыстарды үйлестіру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлерге жіберіледі. Оның қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс берілмек. 

Сонымен қатар жиын барысында Алматы тау кластерін дамыту мәселелері қаралды. Бұл жоба аса маңызды инвестициялық бастамалар тізіміне кіреді. Бастапқы кезеңде инфрақұрылымдық жұмыстар жоспарланған. Олардың ішінде электрмен, газбен жабдықтау, кәріз желілері мен автожолдар салу, сондай-ақ іргелес аумақтарды абаттандыру және одан әрі жалпы әлемдік деңгейдегі курортты қалыптастыру үшін жағдайлар жасау және тағы да басқа жұмыстар бар. Жоба сонымен қатар жазғы инфрақұрылымды дамытуды, орнықты даму қағидаттарын енгізуді, қоршаған ортаның цифрлық мониторингін және нысандардың инклюзивтілігін қамтамасыз етуді көздейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Үкіметке елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіруді тапсырған болатын. 

Соңғы жаңалықтар