Вице-премьер БҚО-да салық реформасы мен инвестициялық қолдау тетіктерін таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлік бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары, Салық кодексінің қолданысқа енгізілуі, проактивті экономикалық саясат құралдары, сондай-ақ кәсіпкерлердің нақты мәселелері талқыланды.
Жаңа Конституция жобасы — экономиканы дамыту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру
Кездесудің бірінші бөлігінде вице-премьер жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, стратегиялық жоспарлау тетіктері мен мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Экономикалық дамуға ерекше басымдық берілгені атап өтілді.

— Білім беру, ғылым, инновациялар мен адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық басым бағыты ретінде айқындалады. Бәсекеге қабілеттілік деңгейі зияткерлікке, технологияға және кәсібилікке негізделген білім экономикасының іргетасы қаланады. Өсімді ынталандыру мақсатында қаржы саласында және «жедел дамушы қалалар» форматында арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай режимдер мемлекеттік басқару мен сот жүйесі қызметінің ерекшеліктерін қамтуы мүмкін, алайда тек конституциялық заңдар аясында ғана жүзеге асырылады, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Мұндай жаңашылдықтар инвестициялар тартуға, реттеудің жаңа тәсілдерін сынақтан өткізуге және экономикалық өсім нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, құқықтық болжамдылыққа, мемлекеттік қадағалауға, негізсіз шешімдердің болмауына, біртұтас құрылымның сақталуына кепілдік береді.
Аталған модель халықаралық қаржы орталықтары мен инновациялық аймақтарды дамытуда өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді.
— Жаңа Конституция жобасында меншік нысандарының барлығы тең дәрежеде қорғалатынын атап өткен жөн. Бұл инвесторлар, кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес үшін аса маңызды. Меншік құқығы қорғалады, алайда оны пайдалану экологиялық стандарттар мен өзге тұлғалардың құқықтарын ескеруі тиіс. Бұл жауапты нарықтың заманауи үлгісін қалыптастырады, — деп жалғастырды Премьер-министрдің орынбасары.

Ұлттық валютамыз — теңге ең жоғары деңгейде бекітіліп отыр. Бұл елдің қаржылық егемендігін нығайтады.
Жаңа Конституция жобасының экономикалық бөлімі ұзақ мерзімді дамуға бағытталған, ашық әрі болжамды тұрақты құқықтық ортаны қалыптастырады.
Сөзінің соңында Серік Жұманғарин жобаны жалпыұлттық референдумға шығару азаматтарға деген сенімнің көрінісі екенін және халық билігі қағидатын растайтынын атап өтті. Ол кездесуге қатысушыларды Конституция жобасымен мұқият танысып, референдумға қатысу арқылы саналы шешім қабылдауға шақырды.
Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық офис және бизнесті қолдау
Вице-премьер Салық кодексін енгізу бойынша жобалық кеңсенің жұмысы туралы мәлімет берді. Оның алаңында апта сайын бизнестің өтініштері қаралып, құқық қолдану тәжірибесін түзету бойынша түсіндірмелер мен ұсыныстар әзірленеді.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» инвестициялық холдингі арқылы қолдау құралдары таныстырылды. Олардың мақсаты — сұранысқа ие тауарлар өндірісін арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі өңдеуді тереңдету.
Кездесу барысында кәсіпкерлер бірқатар нақты сұрақ қойды. Желаев нан өнімдері комбинатының басшысы Алмагүл Хамитова макарон өнімдерін өндіру көлемін кеңейту үшін 2,5% жеңілдікпен несие алу мүмкіндігі туралы сұрады. Аталған мөлшерлеме Солтүстік Қазақстан облысының сүт өнімдері фермаларын салу тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында, сондай-ақ суармалы жерлерді дамыту, көкөніс және жеміс сақтау қоймаларын салу, балық шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығында импортқа тәуелділігі жоғары басқа жобаларды жүзеге асыру кезінде қолданылады.
Ал, бұл ретте Қазақстанның ұн өңдеу саласы дамыған: елде жылдық жалпы қуаты 9,3 млн тонна ұн шығаратын 254 кәсіпорын жұмыс істейді. Ұн өндірісі ішкі тұтынудан шамамен 2,1 есе асып түседі, ал макарон өнімдері өндірісі ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Экспорттық әлеуетін және өнімнің кең ассортиментін (20 түрлі макарон өнімдері) ескере отырып, Серік Жұманғарин комбинатқа биыл Кабулда өтетін Қазақстан–Ауғанстан бизнес-форумына және отандық өнімдер көрмесіне қатысуға ұсыныс жасады. «Бәйтерек» холдингіне «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы аясында жобаның қаржылық моделін қарастыру тапсырылды.
«Стройкомбинат» ЖШС өкілі Нұрлан Нұрбаев кәсіпорынның өз алдына немесе келісімшарт бойынша төтенше-құтқару қызметінің міндетті болуының орындылығы туралы мәселені көтерді. Бұл норма 2014 жылдан бастап күшіне енген және қызмет саласына қарамастан ірі өндірістік кәсіпорындарға қатысты қолданылады. Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпорынның қызметі жоғары тәуекел нысандарға жатпайды, бірақ төтенше-құтқару қызметін қамтамасыз ету немесе мамандандырылған ұйымның қызметіне ақы төлеу айтарлықтай шығындарды талап етеді.
«ORALMEZ» компаниясы қуаттылығы тәулігіне 500 тонна күнбағыс майын өндіретін зауыт құрылысының жобасын таныстырып, жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері туралы сұрады. Аграрлық несие корпорациясының бас директоры жобаның экспортқа бағдарлануы жағдайында жеңілдетілген валюталық несие алу мүмкіндігі барын айтып, бұл жағдайда басқа мөлшерлеме қолданылатынын хабарлады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер жаңа ҚҚС-тың жаңа мөлшерлемесі жағдайында келісімшарттардың орындалуы мен өнімді қабылдауға, арнайы салық режимдерін қолданатын жеткізушілер мен ірі кәсіпорындардың жұмысына, сондай-ақ несиелерді қайта қаржыландыру мүмкіндігіне қатысты мәселелерді көтерді.
Жұмыс сапары өңірдегі өндірістік кәсіпорындарға барумен жалғасты.
Бұдан бұрын Жұманғарин жалпы ішкі өнімдегі тау-кен өндіру секторының үлесі қысқарып келе жатқанын айтқан еді.