Вице-премьер: Қазақстан көмір энергетикасынан бір сәтте бас тарта салмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының министрлер конференциясында жаһандық экология стандарттары елдің энергетика жүйесіне қалай әсер етіп жатқанын айтты.

Нұрлан Байбазаров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Шын мәнінде бізді қазір ұсынылып жүрген жоғары стандарттарға сай болу үшін маңызды жұмыс күтіп тұр. Экология министрлігі жұмыс жүргізіп жатыр да. Қазір декарбонизация, өндіріс шығарындыларының квотасын сату бағытындағы жеке тәсілдер дайындалып жатыр. Менің ойымша, біз қолға алып жатқан жаңа өндірістер барлық технологиялық параметрлерге сәйкес келеді. Біз қазір заманауи технологияларды бүкіл жерде қолдануға тырысып отырмыз. Тіпті қоршаған ортаға зиянды болып тұрған көмір станцияларына да. Батыс елдері қазірдің өзінде көмір энергетикасынан бас тартып жатыр. Халықаралық институттар мұндай жобаларды қаржыландыруды тоқтатты», — деді ол БАҚ өкілінің сұрағын берген жауабында.

Вице-премьер Қазақстан жасыл энергетиканың жиынтық қуаты 10 мың мегаватқа дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын еске салды. 

«Біз Екібастұздағы көмір станцияларын жаңғыртуды қолға алдық. Онда шығарындыларды басқаруға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Біз дәл қазір бүкіл көмір саласына бірден «крест қоймаймыз». Бірақ шығарындыларды технология арқылы азайта береміз. Қазақстан алдағы жылдарда «жасыл» көздерден 10 мың МВт қуат өндіруді жоспарлап отыр. Бұл жел, күн, су электр станциялары деген сөз», — деді Нұрлан Байбазаров.

Бұған дейін Байбазаров санкцияға түскен қазақстандық компанияларға қатысты пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар