Вице-президент институты: әлемдік және қазақстандық тәжірибе
АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар жүйелі ұсыныс көтерді. Соның ішінде Қазақстанда вице-президент лауазымын қайта енгізу бастамасы қоғам мен сарапшылар арасында кең талқыланып жатыр.
Президенттің айтуынша, қазіргі Мемлекеттік кеңесші институты жойылып, оның орнына вице-президент лауазымы енгізіледі. Бұл өзгеріс атқарушы биліктің құрылымын қайта форматтауға және саяси басқару жүйесіндегі жауапкершілікті нақты бөлуге бағытталған.
- Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Президент өзі белгілейді. Сонымен Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:
- Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
- Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;
- Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;
- Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.
Мұндай ауыс-түйіс өзге маңызды мемлекеттік жүйелерде де жүзеге асатын болды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы белсенділігі жоғары екенін айтып, вице-президенттің болуы жүктемені тиімді бөлуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

— Вице-президент институтының қажеттілігін әр қырынан қарастыруға болады және солардың бірі – саяси жүйені теңгеру. Егер Мемлекет басшысының тек өткен жылғы сыртқы сапарларының кестесіне қарап, оны ішкі іс-шаралармен салыстырсақ, Президентке түсетін жүктеменің қаншалықты ауқымды екені анық көрінеді. Кей жағдайларда ол бір жарым-екі апта ішінде бірнеше құрлықта болып, күн сайын маңызды шараларға қатысқан. Бұл – жұмыстың тек сыртқы көрінісі ғана. Ал бұған қоса аналитика, құжаттар, шешімдер қабылдау секілді ауқымды жұмыс бар. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының ең жақын командасындағы, Конституциямен бекітілген вице-президент лауазымын енгізу орынды әрі қажетті қадам болып көрінеді. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы жоғары белсенділігін ескерсек, мұндай институт Президентті сақтандырып, президенттік биліктің тиімділігін арттыра алады, – деді Ғазиз Әбішев.
Сарапшының пікірінше, вице-президенттің пайда болуы Қазақстанның халықаралық аренадағы өкілдігін үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді әрі саяси басқару жүйесінің икемділігін арттырады.
Қай елдерде вице-президент лауазымы бар және бұл қызмет қандай міндеттер атқарады?
Вице-президент институты бірқатар елде президенттік және жартылай президенттік басқару жүйесі аясында қалыптасқан. Бұл лауазым, негізінен, Президентке мемлекеттік басқаруда жәрдемдесу, билік жүктемесін бөлісу және төтенше жағдайларда саяси сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Алайда әр елде вице-президенттің өкілеттігі мен нақты функциялары конституциялық құрылымға және саяси тәжірибеге байланысты әртүрлі.

АҚШ – вице-президент институтының ең танымал үлгісі. Бұл елде вице-президент Президентпен бірге сайланады және мемлекет басшысынан кейінгі екінші тұлға болып саналады. Конституцияға сәйкес, Президент өз міндетін атқара алмаған жағдайда, вице-президент автоматты түрде мемлекет басшысы өкілеттігін қабылдайды. Сонымен қатар ол Сенат төрағасы қызметін атқарып, дауыс саны тең түскен кезде шешуші дауыс береді.
Латын Америкасы елдерінде вице-президент лауазымы кең таралған. Бразилия, Аргентина, Мексика, Колумбия сияқты мемлекеттерде бұл институт биліктің тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Аймақта саяси дағдарыстар жиі болғандықтан, вице-президент институты билік транзитінің үздіксіздігін қамтамасыз ететін маңызды тетік ретінде қалыптасқан.
Азия және Африка елдері
Филиппинде Президент пен вице-президент бөлек сайланады. Бұл вице-президентке дербес саяси мандат береді. Әдетте ол әлеуметтік саясат, аймақтық даму немесе гуманитарлық жобаларға жетекшілік етеді.
Индонезияда вице-президент Президенттің негізгі саяси серіктесі саналады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік басқару, реформаларды үйлестіру және ішкі саясаттағы жекелеген бағыттарға жауап береді.
Африка елдерінде, соның ішінде Нигерия мен Кенияда, вице-президент институты этносаралық және аймақаралық тепе-теңдікті сақтау құралы ретінде қызмет етеді. Мұндай елдерде Президент пен вице-президенттің әртүрлі аймақтардан немесе әлеуметтік топтардан сайлануы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы алғанда, вице-президент институты әр елде бірдей мазмұнға ие емес. Оның нақты рөлі Конституцияда белгіленген өкілеттіктерге, саяси тәжірибеге және Президенттің оған жүктейтін міндеттеріне байланысты айқындалады. Соған қарамастан, бұл лауазым әлемдік тәжірибеде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын және саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін құрал ретінде кеңінен қолданылады.

Әлемдік тәжірибе
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, вице-президент институты көптеген елде саяси тұрақтылықты сақтаудың, басқару жүйесінің үздіксіздігін қамтамасыз етудің және президенттік вертикальды нығайтудың маңызды тетігі ретінде қалыптасқан. Бұл лауазым әсіресе саяси дағдарыстар, билік транзиті немесе төтенше жағдайлар кезінде өзінің практикалық маңызын айқын көрсетеді.
АҚШ-та вице-президенттік механизм бірнеше мәрте ешбір саяси күйзеліссіз іске асты. Америкалық модельде вице-президент институтының тиімділігі оның нақты конституциялық нормалармен бекітілуі және саяси дәстүрмен орнығуында жатыр.
Түркияда президенттік басқару жүйесіне көшу кезеңінде вице-президент институты атқарушы биліктің ішкі үйлесімділігін арттыру үшін енгізілді. Мұнда вице-президент Президенттің тікелей саяси серіктесі ретінде әрекет етеді, атқарушы билік жүйесіндегі басқару тізбегін қысқартады, шешім қабылдау жылдамдығын арттырады.
Түркия тәжірибесі вице-президент институтының саяси билікті орталықтандыру және президенттік вертикальды нығайту бағытында тиімді жұмыс істей алатынын көрсетті.
Бразилияда вице-президент бірнеше рет Президенттің отставкасынан кейін мемлекетті басқаруды өз қолына алды. Бұл елде вице-президент институты саяси дағдарыстар кезінде биліктің заңды жалғасын қамтамасыз ететін негізгі құралға айналды.
Венесуэлада ел президенті Николас Мадуроның билігі саяси дүрбелеңге ұшыраған кезеңде, вице-президент Делси Родригес Конституциялық нормаларға сәйкес уақытша мемлекет басшысы міндетін атқарды. Соның арқасында мемлекеттік басқару жүйесінің толықтай тоқтап қалуына жол берілмей, атқарушы биліктің заңдылығы сақталды. Әкімшілік құрылымдар өз жұмысын жалғастырды. Бұл мысал вице-президент институтының дағдарыс менеджментіндегі рөлін айқын көрсетеді.
Яғни, бір елде вице-президент билік транзитінің қауіпсіз тетігі болса, екінші елде ол президенттік вертикальды күшейтудің немесе саяси тұрақтылықты сақтаудың құралына айналады.
Осы тұрғыдан алғанда, вице-президент институты заманауи мемлекет басқаруындағы икемді әрі дағдарысқа төзімді механизм ретінде бағаланады.

Қазақстандағы вице-президент институтының тарихы
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде вице-президент институты болды. Бұл лауазым 1991 жылы енгізіліп, елдің саяси және институционалдық негіздері енді қалыптасып жатқан өтпелі кезеңде маңызды рөл атқарды. Алайда 1996 жылдың 22 ақпанында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен вице-президент лауазымы жойылып, аталған институт мемлекеттік басқару жүйесінен толықтай алынып тасталды.
Осы кезеңде вице-президент қызметін атқарып отырған Ерік Мағзұмұлы Асанбаев қызметінен босатылды. Сөйтіп, Қазақстан тарихында вице-президент институты бар болғаны бес жыл ғана өмір сүрді. Енді, араға шамамен 30 жыл салып, бұл лауазымды қайта жаңғырту мәселесінің көтерілуі – елдегі саяси жүйенің жаңа даму жолын көрсететін маңызды белгі.
Қазақстан тарихында вице-президент қызметін атқарған жалғыз тұлға – Ерік Мағзұмұлы Асанбаев. Ол 1936 жылғы 10 наурызда Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдап, экономист мамандығын алды. Кейін экономика ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне жетті. Ол «Құрмет» орденімен және бірқатар мемлекеттік медальдармен марапатталған.
Ерік Асанбаевтың еңбек жолы кеңестік кезеңде басталып, Қазақстан Компартиясының ауыл шаруашылығы және жоспарлау жүйесіндегі жауапты қызметтермен жалғасты. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде нұсқаушыдан бастап бөлім меңгерушісіне дейінгі сатылардан өтті, партия аппаратының жетекші буындарында жұмыс істеді. Бұл тәжірибе оны ел тәуелсіздік алған тұста мемлекеттік басқарудың күрделі міндеттерін атқара алатын кәсіби кадр ретінде қалыптастырды.
1991 жылдың қазан айынан 1996 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан Республикасының вице-президенті ретінде Ерік Асанбаев алғашқы саяси реформаларға, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік институттардың қалыптасуына тікелей атсалысты. Бұл кезеңде атқарушы билік жүйесі жаңадан құрылып, Конституциялық негіздер бекітіліп жатқан болатын. Вице-президент институты сол тұста Президентке тірек болатын, басқару тетіктерін үйлестіруге арналған саяси буын қызметін атқарды.
Сонымен қатар, 1994–1996 жылдары Ерік Асанбаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін қоса атқарып, құқықтық мемлекеттің алғашқы қағидаттарын қалыптастыруға үлес қосты.
Вице-президент лауазымы жойылғаннан кейін, 1996–2000 жылдары Ерік Асанбаев Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде дипломатиялық қызмет атқарды.

Ерік Мағзұмұлы 2004 жылдың 23 тамызында Алматы қаласында дүниеден өтті. Туған жері Қостанай облысы Әулиекөл ауданында оған арналған ескерткіш орнатылған.
Осылайша, Қазақстандағы вице-президент институтының алғашқы тәжірибесі Ерік Асанбаевтың есімімен тікелей байланысты. Бүгінде бұл лауазымды қайта жаңғырту туралы ұсыныстың көтерілуі – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басқару моделіне оралу емес, керісінше, сол тарихи тәжірибені ескере отырып, жаңартылған, конституциялық негіздегі саяси жүйе құруға ұмтылыс ретінде бағаланады.
Вице-президент институтының енгізілуі — Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртудағы аса маңызды қадам. Бұл бастама ел басқаруда жауапкершілікті қайта бөлуге, халықаралық аренадағы өкілдікті күшейтуге, билік институттарының үйлесімді жұмыс істеуіне бағытталған.
Президенттің нақты сөзі мен ұсыныстары бұл реформаның саяси жүйені тепе-теңдікке келтіруге, басқарудың икемділігін арттыруға және Конституцияны заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталғанын айқын көрсетеді.