Вице-президент институты саяси сабақтастық пен теңгерімді сақтайды – сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Равшан Назаров
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform -

Әуелі сарапшы Қызылорда қаласында өткен бесінші Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалардың маңызына тоқталды. Равшан Назаровтың пікірінше, Қазақстан заман талабына сай саяси трансформацияға бет алды.

- Қазіргі уақытта Қазақстанда тарихи өзгерістер болып жатыр. Бұл тек елдегі ішкі саяси жағдайға емес, сонымен қатар сыртқы саяси бағдарға да әсер етеді. Әсіресе, бұл Қазақстанмен тікелей шекаралас мемлекеттерге қатысты. Өзбекстан Қазақстанның жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде республикада жүргізіліп жатқан реформаларды мұқият бақылап отырады. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жинақтаған саяси тәжірибесі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары қоғамның дамуына тың серпіліс берітініне сенімдімін, - деді Равшан Назаров.

Сарапшының пайымынша, бір палаталы Парламент моделіне көшу өте маңызды шешім. Атап айтқанда, бұл - заң жобаларын сапалы саралап, оларды өз уақытында қабылдау механизмін жүйелейді.

- Бұл үрдіс маңызды заңнамалық актілерді қабылдауды жеделдетуге ықпал етеді. Бүгінде нормативтік-құқықтық құжаттарды тез арада қарап, мақұлдау өзгеріп жатқан геосаяси жағдайдың ырғағына уақытылы ілесе білу дегенді білдіреді. Тағы бір маңызды мәселе - вице-президент лауазымын енгізу. Мұндай тәжірибе АҚШ, Мексика, Үндістан сияқты ірі елдерде бар. Вице-президент институты өтпелі кезеңдерде саяси сабақтастық пен теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, бұл өте маңызды саяси қадам. Дегенмен бұл күрделі реформа. Сондықтан оған аса жоғары жауапкершілікпен қарап, оны қоғам талқысына салу орынды, - деп пікір білдірді саясаттанушы.

Сонымен қатар, Равшан Назаров Парламентті Құрылтай деп атауға қатысты өз ойын білдірді. Ол атап өткендей, Қазақстан ежелгі және ортағасырлық ұлттық мемлекеттілік пен тарихи сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

- «Құрылтай» сөзі түркі халықтарының арасында терең тарихи маңызға ие. Сәйкесінше, біз ежелгі және ортағасырлық ұлттық мемлекеттілік пен тарихи сабақтастықтың жарқын үлгісін көріп отырмыз. Осылайша, Қазақстан ғасырларға жалғасқан дала демократиясы мен саяси мемлекеттік институттың мұрагері саналатынын айғақтап отыр. Бұл өте батыл қадам әрі маңызды шешім, - деп қорытындылады Равшан Назаров.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы конституциялық реформалар туралы еуропалық сарапшылар пікір білдірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар