Визаны электрондық түрде рәсімдеу қашан басталады
«Қазақстанға туристік ағымдардың артып отырғанына бәріміз куәгерміз, ол EXPO-2017 өткен жылдағы жоғары базаның аясында тарихи құбылыс болып табылады. Қаңтар-маусым айларында былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда келу туризмі 22 пайызға өсіп, 4,2 млн адамға жетті. Ал отандық туризм 7 пайызға артқанын мақтанышпен айтамыз», - деді министр.
А. Мұхамедиұлы, саяси тұрақты және дамыған 64 елдің азаматтары туристік және басқа мақсаттар үшін Қазақстанға визасыз кіруге құқылы екенін еске салып өтті.
«2018 жылдың соңына дейін Алматы мен Астана қалалары арқылы Қытай мен Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит енгізілді. Нәтижесінде, Қазақстаннан Қытайға транзит ағымы 60 пайызға өсті, қалаға 17 мыңнан астам шетелдік келді. Жыл соңына дейін Астана мен Алматы әуежайларында қанатқақты режімде 128 мемлекет азаматтарына, соның ішінде Үндістан, Қытай, Иран, Парсы шығанағы елдеріне арналған электрондық виза тетігі іске қосылатын болады. Өкінішке қарай, бүкіл дүниежүзі электрондық визамен жұмыс істеп жатқанда, біз әлі де кезекке тұрып, қолмен толтырып жатырмыз. Бұл визаны алу мерзімін бес күнге қысқартады және процесті едәуір жеңілдетеді», - деді ведомство басшысы.
Оның атап өтуінше, Өзбекстанмен шекаралық туристік маршруттарды ілгерлету үшін «Silk Way Visa» аясында визаларды өзара тану механизмі талқылануда. Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында уақытша туристік өткелдердің ашылуына және тікұшақ паркінің қызмет көрсетуіне байланысты Қазақстан 17 жыл ішінде алғаш рет Орталық Тянь-Шаньда стратегиялық артықшылыққа ие болды.