Владимир Беккер: Арыстағы апаттың шығын көлемі - шамамен 20 млрд теңге

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыс қаласындағы апат салдарын жою бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы қорытынды ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Владимир Беккер Арыс қаласында өрт басылмай жатқанына қарамастан, қайтып баруға тырысқандар болғанын айтты.

«Өз бетімен үйіне барғысы келгендер болды. Бұл өте қауіпті еді. Сондықтан қала аумағын қоршап, күзеттік. Жалпы, жарылыстан 57 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапты. 409 адам медицина көмегіне жүгінген», - дейді комитет басшысы.

Владимир Беккер апаттан к,лген шығын көлемі әлі толық есептеліп болмағанын айтады.

«Шығын көлемі - шамамен 20 млрд теңгеге таяу. Бұл цифр өзгеруі де мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, осындай болжам бар. Бағалаушылар әлі де есеп жүргізіп жатыр. Соңғы дерек бойынша 70-ке жуық үй жермен-жексен болған. О баста 8 мыңнан астам үй бүлінді деген дерек болған. Әзірге 6000 мың үйдің бүлінгенін анықтадық», - дейді Владимир Беккер.

Еске салсақ, ҚР Қорғаныс министрлігі кеше Арыс қаласында жарылу қаупі жоқ қару-жарақ бөлшектерін жою жұмыстарын бастаған болатын.

Бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев апаттан зардап шеккен Арыс тұрғындарының әрқайсына 100 мың теңгеден төлеу үшін екі аптаның ішінде 44 мыңнан аса адам туралы мәлімет жиналатынын айтқан болатын.

Бүгінгі таңда бүлінген 247 жеке үй жөнделуде.

Соңғы жаңалықтар