Владимир Чепель: Әкем — орыс, анам — татар, ал мен — қазақпын

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысындағы Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылының тұрғыны Владимир Чепель қазақ тілін еркін меңгерген азаматтың бірі. 29 жастағы ол қазақ тілі ана сүтімен дарығанын айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Мен дүниеге келгенде анамда сүт болмады. Перзентханада екі күн бұрын босанған қазақ әйелі мені емізіп, ана сүтін берді. Міне, сол сәттен бастап қазақтың қаны бойыма дарыды десем артық айтқаным емес.

Қазақ тілі маған ана сүтімен дарыды.

Ұлтым орыс болғанмен, мен - қазақпын. Орыс тіліне қарағанда, қазақ тілін жақсы білемін. Ауылда өскендіктен достарымның барлығы қазақ балалары болды. Сондықтан ортам қазақ, өзім де қазақпын», - деді Владимир Чепель.


Қазақ тілін еркін меңгерген Владимир қазір Қапал ауылындағы әкімдікте қызмет етеді. Оның әкім аппаратының бас маманы болып жұмыс істегеніне 8 жылдан асыпты.

«Мемлекеттік қызметтен бөлек бос уақытымда спортпен шұғылданамын. Қол күрестен спорт шеберіне үміткермін. Талай жарыстарда топ жардым. 2019 жылы Алматы облысының «Үздік жас Мемлекеттік қызметшісі» атағына ие болдым. 2020 жылы Президенттің Жарлығымен «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталдым», - деді белсенді жас.


Владимир Чепель қазақ тілінде еркін, әрі таза сөйлейтіндігін мақтан көрмейді.

«Себебі мемлекеттік тілді білу Қазақстанның әр азаматының борышы деп санаймын. Біз - бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан елміз.

Менің анам - татар, әкем - орыс, өзім - қазақпын. Қазақтың сары домалақ баласымын. Сондықтан еліме, жеріме құрмет көрсетіп, патриоты болу міндетім деп санаймын»,- деді Владимир Чепель.

Белсенді жас әлі бойдақ. Болашақ жарын кездестірмепті.

«Болашақ жарымның, ең бастысы, адами қасиеті басым болса деп тілеймін. Әр дүниенің қадірін біліп, жан-жақты болғанын қалаймын. Әке-шешемді сыйлап, құрметтеп тұрса болды. Бастысы береке-бірлігіміз ажырамасын. Қазақ елімнің береке-бірлігі, ынтымағы нығая берсін. Барша халқымды бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел іргесі бүтін, халқымыз аман, бейбіт заман болсын», - деп тіледі Владимир Чепель.


Соңғы жаңалықтар