Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда келіссөз жүргізіп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін «Көксарай» резиденциясында Ресей президенті Владимир Путинді ресми күтіп алу салтанаты өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, резиденция алдындағы алаңда екі елдің мемлекеттік тулары ілініп, құрметті қарауыл сап түзеді.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәртебелі мейманды жылы қарсы алды. Мемлекеттік әнұрандар шырқалды, артынша екі ел басшылары ресми делегация мүшелерімен амандасты.
Суретке түсу рәсімінен соң мемлекет басшыларының арасындағы шағын құрамдағы келіссөз басталды.
Еске салайық, кеше Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Өзбекстанға келді. Оны әуежайдан Шавкат Мирзиёев күтіп алды.
Сапар бағдарламасына сәйкес, екі ел басшылары жоғары деңгейде келіссөздер жүргізбек. Оның барысында жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық және өзбек-ресей қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.
Сонымен қатар Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев Ресей мен Өзбекстан өңірлері кеңесінің бірінші отырысына қатысады.
Қоса кетсек, Ресей басшысы соңғы рет Өзбекстанға 2022 жылы қыркүйек айында Самарқандағы ШЫҰ-ның саммитіне қатысу үшін келген.