Владимир Слишкович «Жеңіс» футбол клубына бас бапкер қызметіне келді
АСТАНА. KAZINFORM — «Жеңіс» футбол клубы босниялық маман Владимир Слишковичтің бас бапкер қызметіне тағайындалғаны туралы ресми түрде мәлім етті.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Жанкүйерлер тәжірибелі маманды Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) пен «Оренбург» клубтарындағы қызметі арқылы жақсы біледі. Босниялық 43 жастағы маман «Спартак» клубын басқарған кезде Ресей Премьер-Лигасында бірде-бір рет жеңіліс таппаған және айдың үздік бапкері деп танылған.
Ол өзінің бапкерлік жолын босниялық «Зриньски» командасында бастаған. Сондай-ақ Қытай, Сауд Арабиясы клубтарында және Босния мен Герцеговинаның жасөспірімдер құрамасында жұмыс істеу тәжірибесі бар.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Жеңіс» футбол клубы Әли Әлиев негізгі команданың бас бапкері қызметін аяқтағанын мәлімдеді.
Тәжірибелі маман бұл қызметке 2025 жылдың желтоқсан айында келген еді. Қазір «Жеңіс» турнир кестесінде 23 ұпаймен сегізінші орында келеді.
Енді ол «Жеңіс» ФК техникалық директоры ретіндегі жұмысын жалғастырады. Жаңа қызметінде Әли Әлиев клубтың спорттық вертикалін дамыту, кәсіби командалардың жұмысын үйлестіру, селекциялық қызмет, футболшыларды даярлау әдіснамасын жетілдіру, сондай-ақ «Жеңіс» ФК ұзақмерзімді спорттық стратегиясын жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударады.