Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Вокзалдан кітапханаға дейін: өңірлерде жаңа нысандар іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан өңірлерінде жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан бойынша көлік инфрақұрылымын жаңғырту және теміржол вокзалдарын жаңарту жөніндегі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы жұмыстар аясында Түркістан облысындағы «Түлкібас» теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.  «Түлкібас» стансасының тарихы 100 жылдан асады. Стансаның алғашқы ғимараты 1916 жылы салынған. Жаңа вокзал кешені тәулігіне 200-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген және азаматтар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Ғимаратта 90 орындық күту залы бар, бұл бұрынғы вокзалдан екі есе көп. Сондай-ақ теміржол кассалары, анықтамалық бюро, тамақтану пункттері, қызметтік үй-жайлар жұмыс істейді.  Кедергісіз орта құруға ерекше назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедектер үшін арнайы аймақтар қарастырылып, лифт орнатылды. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі жабдықталған.  Реконструкция аясында ұзындығы 540 метр болатын перрон платформасы жаңартылды. Іргелес аумақта абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, бейнебақылау және дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер көпірі реконструкцияланды.  Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі вокзалдарды қамтитынын және жолаушылар үшін заманауи және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталғанын атап өту маңызды. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміз бойынша 124 теміржол нысанын жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 72 вокзал жөнделіп, пайдалануға берілді. Тағы 49-ын реконструкциялау жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.  Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы тарихи-архитектуралық құндылығы бар үш ірі вокзал бойынша жұмыстар жеке блок ретінде қарастырылған. Оларды жаңғырту жұмыстары тарихи келбетін сақтау талаптарын ескере отырып, келесі жылы аяқталады.
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ел өңірлерінде инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жаңа әлеуметтік және көлік нысандары пайдалануға берілді. 

Төменде өткен аптада іске қосылған негізгі жобалар берілген:

  • Түркістан облысында ғасырлық тарихы бар «Түлкібас» теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды.

Кешен тәулігіне шамамен 200 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Күту залының сыйымдылығы екі есеге артып, 90 орынға жетті. Ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған. Мұнда кассалар, анықтама бюросы, тамақтану орындары, ана мен бала бөлмесі жұмыс істейді.

  • «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысының Нұрлыкент ауылында әмбебап залы мен заманауи спорттық құрал-жабдықтары бар жаңа спорт кешені ашылды.

Жалпы өңірде 2 465 спорт нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы 10 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 12 кешеннің құрылысын аяқтау жоспарланған.

  • Алматы облысының Жібек жолы ауылында құны 658 млн теңге болатын 200 орындық Мәдениет үйі ашылды.

Аумағы 5 гектарды құрайтын кешен сахна, көрермендер залы және шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттермен жабдықталған. Нысан базасында ұлттық өнер үйірмелері, «Шежіре» ақындар орталығы және аға буын ансамблі жұмысын бастады.

  • Президенттің «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмалары аясында Алматыда қалалық кітапханалардың кітап беру пункттері ашыла бастады.

Алғашқы пункт Жетісу ауданындағы сауда орталығында ашылып, 2 мыңнан астам кітап қоры жинақталды. Бұл кітапхана қызметтерін қала тұрғындары үшін қолжетімді ете түсті. 

Бұған дейін хабарланғандай, елімізде жаңғыртылған 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді.