Волейбол: «Ару-Астана» күтпеген жерден «Қарағандыны» ұтып кетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші турында алғашқы күннің ойындары аяқталды.

Бұл күні күтпеген нәтиже «Қарағанды» мен «Ару-Астана» арасында тіркелді.
Мамандар күткендегідей, бастапқы екі партияда Нұрлан Садықов жаттықтыратын қарағандылықтар басым түскен – 25:14, 25:19. Бірақ бұдан кейін күтпеген жерден Мейірбек Нұғыспановтың шәкірттері күш алып кетті – 25:17, 25:23, 15:13. Қорытынды есеп – 3:2.
Осылайша, ұпай санын 16-ға жеткізген астаналықтар 9-орындағы Оралдың «Грация KZ» командасынан алыстай түсіп, үздік сегіздікке ілігетін мүмкіндігін ұлғайтты.
Бүгін сондай-ақ үшінші орындағы «Қуаныш» (СҚО) екінші сатыдағы, 55 ұпайы бар Өскеменнің «Берелін» 3:1 (23:25, 25:16, 25:22, 25:21) есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп Азамат Есімов баптайтын солтүстікқазақстандықтар 52 ұпай жинап, «Берелге» жақындай түсті. Бұл бірден жартылай финалға шығуға мүмкіндік беретін алғашқы екі орын үшін айқастың қыза түскендігін байқатады.
Көш басындағы «Жетісу» (Талдықорған) өз алаңында өткен жылғы ел чемпионы «Тұранның» (Түркістан) 3:0 (25:14, 25:18, 25:16) есебімен меселін қайырып, ұпай санын 61-ге жеткізді. Бұлай жалғасса, сербиялық Марко Гршичтің шәкірттері бірінші орынды ешкімге бере қоймас.
«Алматы» командасы көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:12, 25:15, 25:20) есебімен ұтты.
Бейсенбі күні «Қарағанды» - «Грация KZ», «Тұран» - «Қуаныш», «Алматы» - «Ару-Астана», «Берел» - «Ертіс», «Ақтөбе» - «Жетісу» командалары өзара шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Талдықорғанда волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының төртінші туры басталатынын жазған едік.
«Ақтөбе» командасы жаңа бапкерімен бірге жеңіске жетті.