Волейбол: «Ару-Астана» тартысты ойында оралдық команданы жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші турында «Ару-Астана» мен «Грация KZ» алаңға шықты.

Плей-офф бәсекелеріне шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу үшін бұл кездесудің қос клуб үшін маңызы ерекше еді.
Турнир кестесінде «Ару-Астананы» қуып жетуді мақсат еткен Айна Ғұбашева шәкірттеріне бұл ойында кемінде үш ұпай алуы керек болатын.
Бірінші партияда Мейірбек Нұғыспанов жаттықтыратын астаналықтар 25:18 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде «Грация KZ» есе қайырды – 26:24. Үшінші сетте оралдықтар 9:4 есебімен алға кеткенімен, «Ару-Астана» қатарынан жеті допты алды – 11:9. Содан кейін партияны өз есептеріне жазды – 25:19.
Төртінші сет соңында «Грация KZ» сәтті ойнады – 27:25.
Бесінші партияда астаналықтар жеңісті жұлып алды – 15:12. Қорытынды есеп – 3:2.
Осылайша, 21 ұпай жинаған «Ару-Астана» 8-орынға нық жайғасты. 14 ұпайы бар оралдық команда 9-сатыда қалды.
Бұл күні «Қуаныш» (СҚО) пен «Қарағанды» арасындағы ойын да тартысты өтті. Мұнда солтүстікқазақстандық волейболшылар (бас бапкері Азамат Есімов) 3:2 (25:21, 18:25, 25:22, 21:25, 15:9) есебімен басым түсті. «Қуаныш» 60 ұпаймен бұрынғыша үздік үштікті түйіндеп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Грация KZ» командасының «Алматыдан» айласын асырғанын жазған едік.