Волейбол: «Атырау» клубы «Ақтөбеден» айласын асырды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе және Талдықорған қалаларында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші кіші туры қорытындыланды.
Ақтөбе қаласында «А» тобында соңғы кездесуде алаң иелері мен «Атырау» алаңға шықты.
Сергей Трикоз жаттықтыратын ақтөбеліктер осыған дейін «Жайық» пен «Есілді» қапы қалдырған еді. Ал атыраулықтар «Есілді» жеңгенімен, оралдықтарға есе жіберген болатын.
Бұл жолы Игорь Никольченконың шәкірттері тартысты матчта алаң иелерін тықсыра білді — 3:1 (25:22, 23:25, 26:24, 29:27).
Оралдың «Жайығы» СҚО-ның «Есілін» 3:0 (25:15, 26:24, 25:18) есебімен ұтты.
Талдықорғанда «Жетісу» (бас бапкері Марат Адрышев) барлық ойынын жинақы өткізді. Соңғы бәсекеде талдықорғандықтар «Ұшқын-Көкшетаудан» айласын асырды — 3:1 (25:23, 26:24, 21:25, 25:18).
Осылайша, ұпай санын 62-ге жеткізген «Жетісу» бұрынғыша жеке-дара көш бастап келеді. «Ақтөбе» 55 ұпаймен екінші сатыға жайғасса, «Жайық» пен «Атырау» (50 ұпайдан) үшінші-төртінші орынды бөлісіп тұр.
Төртінші кіші турдың қорытындысы бойынша әр командадан үздік ойыншылар анықталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Ақтөбенің» өз алаңында «Жайықты» жеңгенін жазған едік.