Волейбол: «Атырау» Талдықорғанда «Жетісу» командасын тізе бүктірді

АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Жетісу» мен «Атыраудың» кездесуі тартысты өтті.

«Атырау» Талдықорғанда «Жетісу» командасын тізе бүктірді
Фото: «Атырау» волейбол командасы

Өткен ойында «Буревестникке» жол берген талдықорғандықтарға үздік үштіктен шығып қалмас үшін тек жеңіс керек еді. 

Алаң иелері бірінші партияны өз есебіне жазды – 26:24. Бірақ екінші, үшінші сет «Атыраудың» еншісінде кетті – 25:18, 33:31. Содан кейін де қарқынынан танған жоқ – 25:21. Қорытынды есеп – 3:1, «Атыраудың» пайдасында.

Осылайша, өз алаңында қатарынан екінші рет жеңіліп қалған «Жетісу» турнир кестесінде 28 ұпаймен төртінші орынға сырғыды. 

Оралдың «Жайығы» солтүстікқазақстандық «Есілмен» ойында қинала қойған жоқ – 3:0 (25:15, 25:18, 25:16).

Ұпай санын 43-ке жеткізген Виктор Козиктің шәкірттері Қазақстан біріншілігінде бұрынғыша көш бастап келеді.

Екінші орындағы «Ақтөбе» көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетаудан» 3:0 (25:13, 25:18, 25:19) есебімен басым түсті.

Жексенбі күні «Жайық» - «Ұшқын-Көкшетау», «Тараз» - «Буревестник», «Павлодар» - «Атырау», «Жетісу» - «Есіл» өзара сынға түседі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Буревестниктің» қатарынан үшінші кездесуінде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар