Волейбол: «Берел» ел чемпионы «Тұран» командасын ұтты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатында орталық матчта «Берел» (Өскемен) мен «Тұран» (Түркістан) алаңға шықты.

Берел командасы
Фото: instagram.com/berelvc

Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер осы маусымда көш бастаушылардың қатарынан табылса, түркістандықтар өткен жылы ел чемпионы атанған еді.

Бұл жолы «Берел» қарсыласын 3:1 (25:17, 25:12, 19:25, 25:21) тізе бүктірді. Сөйтіп өскемендіктер бұрынғыша «Жетісу» (Талдықорған) командасымен құйрық тістесіп келеді.

Солтүстікқазақстандық «Қуаныш» өз алаңында «Ақтөбені» 3:0 (25:20, 25:11, 25:16) есебімен онша қиналмай ұтып, турнир кестесінде 34 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. 

Павлодардың «Ертісі» тартысты бәсекеде «Ару-Астана» командасын 3:2 (18:25, 25:20, 28:30, 25:23, 15:10) қапы қалдырып, осы чемпионаттағы алғашқы екі ұпайына қол жеткізді. 

Дүйсенбі күні «Ару-Астана» — «Грация KZ», «Алматы» — «Жетісу», «Тұран» — «Ертіс», «Ақтөбе» — «Берел», «Қуаныш» — «Қарағанды» командалары кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Петропавлда волейболдан әйелдер арасында ұлттық лига командалары сынға түсетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда волейболдан қыздар арасында Қазақстан қысқы чемпионаты аяқталды.

«Жетісу» волейбол клубы Петропавлдағы турды жеңіспен бастады.

Соңғы жаңалықтар