Волейбол: «Буревестник» қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатында Алматының «Буревестник» клубы жеңісті жолын жалғастыруда.

волейбол
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Қазақстандық маман Игорь Никольченконың шәкірттері алғашқы күні чемпионатта көш бастап келе жатқан «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ұтқан еді.

Кеше Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері «Павлодарды» 3:2 есебімен қапы қалдырды.

Бүгін алматылықтар ел чемпионы «Таразбен» тағы бір тартысты кездесу өткізді. «Буревестник» тараздықтарды 3:2 (25:18, 22:25, 25:16, 22:25, 15:12) есебімен ұтып, ұпай санын 15-ке жеткізді.

Турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Оралдың «Жайығы» «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:12, 25:16, 25:17) есебімен оңай жеңді. Оралдықтардың қоржынында қазіргі кезде 22 ұпай бар.
«Жайықты» талдықорғандықтар (21 ұпай) өкшелеп келеді. «Жетісу» солтүстікқазақстандық «Есілден» айласын асырды — 3:1 (23:25, 25:19, 25:14, 25:21).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Буревестниктің» павлодарлық команданы ұтқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар