Волейбол: «Грация KZ» командасы «Алматыдан» айласын асырды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 4-турында оралдық «Грация KZ» пен «Алматы» алаңға шықты.

волейбол
Фото: vc.turan_women

Рафаэль Гилязутдинов жаттықтыратын алматылықтар 24 ұпаймен турнир кестесінде 7-орында тұрса, көптен жеңіске жетпеген оралдық клуб 9-сатыда еді.

Осыған дейінгі екі матчта «Алматы» басым түскен болатын.

Бұл жолы ұлттық лигаға өткен жылы ғана қосылған Айна Ғұбашеваның шәкірттері алғашқы екі партияны сәтті аяқтай білді – 25:21, 25:14. Үшінші партия алматылықтар пайдасына шешілді – 25:18.

Төртінші сетте 17:14 есебімен «Алматы» алға тұрған мезетте оралдықтар қуып жетіп, өздері алға кетті – 22:20. Бірақ сол мүмкіндігін пайдалана алмады – 23:25.

Тай-брейкте «Грация KZ» қыздары «Алматыны» тас-талқан етті – 15:4. Әсіресе, есеп 6:4 болғаннан кейін Ұлмекен Әжігереева доп берген сәтте оралдықтар қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Оралдық команда құрамында тәжірибелі Зарина Ситқазинова, Татьяна Демьянова, таилық Сириван Дикаев, байланыстырушы Мира Ғұбашеваға қоса 15 жастағы Күнбөбек

Саясатова да сәтті өнер көрсетті. 

Осылайша, 13 ұпай жинаған оралдықтар 8-орындағы «Ару-Астанаға» (16 ұпай) жақындай түсті.

Үздік сегіздікке іліккен клубтар плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісудың» қатарынан 12 матчта жеңіске қол жеткізгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар