11:25, 18 Қазан 2013 | GMT +5
Волейбол: Қазақстан кубогының ширек финалын алматылықтар сәтті өткізуде
АЛМАТЫ. 18 қазан. ҚазАқпарат - Қарағандыда волейболдан әйелдер командалары арасында ХХІ Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары өтіп жатыр.

Алғашқы 2 күнде мүмкін болған 6 ұпайды 3 команда толық өз қоржынына салды. Олар - «Алматы», «Ертіс-Қазхром» (Павлодар) мен «Қарағанды». «Астана» мен «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен) 3 ұпайды қанағат тұтса, «Металлург АМТ» (Теміртау), «Қостанай» және «Қуаныш және К» (Солтүстік Қазақстан облысы) командалары барлық ұпайын қарсыластарына таратумен келе жатыр.
Бүгін енді павлодарлықтар солтүстік қазақстандықтармен, алматылықтар астаналықтармен, өскемендіктер қостанайлықтармен, қарағандылықтар теміртаулықтармен күш сынаспақ. Командалар ертең бір ойын өткізіп, жексенбі күні тыныққан соң дүйсенбіде жарысты қайта жалғастыратын болады. Жартылай финалдың жолдамасын иеленген 3 команданың аты сәрсенбі күнгі ақтық ойында белгілі болады.