Волейбол: Қазақстан қыздары Олимпиада жолдамасына таласады
Бүгінгі күндері Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында волейболдан қыздар арасында Азия чемпионаты өткізілуде. Аталмыш дүбірлі додада біздің қыздар алдымен В тобында сынға түсіп Австралияны 3:0, Үндістанды 3:1 есебімен жеңіп, Жапонияға 0:3 есебімен жол берді. Құрамамыз жарыстың келесі сатысында F тобында Қытайдан 0:3 есебімен жеңіліп, Индонезияны дәл осы есеппен тізе бүктірді.
Қазақстан қыздары бүгін 5-8 орындар үшін сайыста Иран құрамасын 3:0 есебімен жеңді. Енді олар 25 тамызда 5 орын үшін Тайвань құрамасымен сынға түседі.
Азия чемпионатында алғашқы алтылыққа енген құрамалар алдағы қаңтар айында Токио Олимпиадасына берілетін жолдама беретін лицензиялық турнирге қатысады.
Қазақстан қыздары соңғы рет Жазғы Олимпиадаға 2008 жылы қатысқан еді. Айта кетерлігі, лицензиялық турнирге қатысатын құрамалар арасында Жапония дүбірлі доданы өткізетін ел ретінде жолдамаға ие болса, Қытай қыздары құрлықаралық іріктеу турнирінде Олимпиада жолдамасына қол жеткізді.