Волейбол: «Қуаныш» командасы «Берелмен» таразы басын теңестірді
АСТАНА. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатында «Берел» мен «Қуаныш» жартылай финалда екінші кездесуін өткізді.

Кеше Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер солтүстікқазақстандықтарды 3:0 есебімен жеңіп, финалға жақын тұрған еді.
Бүгін алаң иелері білгенінен жаңылғандай күй кешті. Ал Азамат Есімовтің шәкірттері керісінше жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Алғашқы екі партияда олар айқын басымдылық танытты — 25:19, 25:17.
Үшінші сетте 8:5 есебімен «Қуаныш» алға шыққанымен, «Берел» де қарап қалмады — 9:8. Есеп 16:16 болған мезетте өскемендіктерден Кристина Белова жарақат алып қалды да, оның орнына Кәмила Сұлтанбек шықты. Осыны пайдаланған солтүстікқазақстандықтар есепті 20:17-ге жеткізді. Татьяна Яцкивтің сәтті ойынының арқасында «Берел» таразы басын теңестіргенімен, одан әріге шамасы жетпеді — 23:25. Қорытынды есеп 3:0-мен «Қуаныштың» пайдасына жазылды.
Қос команда 8 наурыз күні шешуші, үшінші ойынды өткізеді. Қай жеңгені финалға шығып, «Жетісуға» қарсылас атанады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісудың» финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.