Волейбол: Оралдың «Жайығы» бірінші турды 2-орынмен аяқтады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турының ойындары мәресіне жетті.

спорт
Фото: atyrau_vc

Қазақстандық маман Виктор Козик жаттықтыратын «Жайық» (Орал) клубы чемпионатты сәтсіз бастап, қатарынан екі рет жеңілген еді. Содан кейін оралдықтар жеңіс жолына түсті.

Бірінші турдың соңғы күні «Жайық» 3:1 (18:25, 25:15, 25:22, 25:21) есебімен «Буревестник» (Алматы) командасын жеңді. Осылайша, төрт бірдей кездесуінде қарсыластарынан басым түскен В.Козиктің шәкірттері 13 ұпаймен 2-орынға көтерілді. Бірінші турдан кейін «Жетісу» (Талдықорған) 15 ұпаймен көш бастап тұр.

«Есіл» (СҚО) «Ұшқын-Көкшетау» командасын 3:1 (25:19, 25:15, 21:25, 25:13) есебімен жеңіп, 6-орынға табан тіреді. 

Бірінші турдағы ең соңғы бәсеке «Атырау» мен «Ақтөбе» арасында өтіп, бес сетке созылды. Мұнда атыраулықтар камбэк жасап, биылғы суперкубок иелерін 3:2 (19:25, 16:25, 25:21, 25:22, 15:12) есебімен тізе бүктірді. Ақтөбеліктер 11 ұпаймен төртінші сатыда қалды.

Екінші тур алдағы айда Павлодар қаласында өтеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» командасының «Павлодардан» басым түскенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» алғаш рет жеңіліс тапты.

Соңғы жаңалықтар