Волейбол: Оралдық «Грация-KZ» қыздар командасы ел чемпионы атанды

Батысқазақстандық бапкер Көлеңке Ғұбашевтің хабарлағанындай, біріншілікке Қазақстанның барлық мықты командалары қатысты. Олардың ішінде өткен жылғы ел чемпионы Петропавл, күміс жүлдегер «Ертіс-Казхром» (Павлодар), Қазақстан жастар құрамасының базалық командасы болып есептелетін Алматы қаласының «Спорт академиясы» бар. Бірінші ойында Оралдың «Грация-KZ» командасы павлодарлықтармен алаңға шығып, тартысты матч барысында таразы басын өздеріне аудара білді. Сөйтіп 3:2 есебімен жеңіске жетті. Содан кейін Алматы, Шымкент, Ақтау, Петропавл командаларын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ең соңғы кездесуде оралдық қыздар Талдықорғанның «Жетісу-2» командасын 3:1 есебімен ұтып, ел чемпионы атанды.
Айта кетейік, «Грация-KZ» ең жас команда болғанымен, шебер ойын өрнегін көрсете білуде. Клубты жаттықтыратын Айна Ғұбашева, Екатерина Бондаренко, Айнұр Ғұбашева, Ұлмекен Мелсовалар жас болғанымен, халықаралық сертификаты бар бапкерлер. Қазірдің өзінде олар өзге елдерден шақыртулар алып отыр. Бұған дейін болашағы бар жас бапкерлер А.Шишулин, А.Фель Ресейдің Новокуйбышевск қаласына кетіп қалған болатын. Сондай-ақ Орал волейболының түлектері, алды Қазақстан ұлттық құрамасында ойнап жүрген Сана Анарқұлова, Зарина Ситқазинова, Айнагүл Айжарықова, Евгения Фильковская қазіргі таңда Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар қалаларының намысын қорғауда. Егер Оралда тиісті жағдай туғызылмаса, жас ойыншылар Элина Надыршина, Мира Ғұбашевалар да солардың жолын қууы әбден мүмкін.