Волейбол: «Жетісу» алтын үшін таласта «Берелден» айласын асырды

АСТАНА. KAZINFORM — Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының финалында «Жетісу» (Талдықорған) мен «Берел» алаңға шықты. 

Волейбол: «Жетісу» алтын үшін таласта «Берелден» айласын асырды
Фото: «Жетісу» волейбол клубы

Осыған дейін қатарынан 18 ойында жеңіске жеткен жетісулықтардың фаворит саналуы заңды еді.

Сербиялық маман Марко Гршич Карина Денисова, Сильви Уаттара, Кристина Аниконова, Валерия Якутина, Перизат Нұрбергенова, Мәдина Бекет (либеро) сияқты тәжірибелі волейболшыларға сенім артты.

Алаң иелерінен канадалық негізгі байланыстырушы Ким Робитайдың ауырып қалуына байланысты оның орнына 18 жастағы Балауса Ұлдыбай шықты. Бірінші партияда ол доп бергенде екі рет эйс жасап, командасының 6:2 есебімен алға шығуына мүмкіндік жасады. Ирина Малькова, Марта Федык, Татьяна Яцкив, Томирис Сағынбаева (либеро), Кристина Беловалар да сәтті ойнай білді — 25:17.

Алайда екінші партияда талдықорғандықтар айқын басымдылық танытты — 25:12.
Үшінші сетте Ришат Гилязутдиновтың шәкірттері 10:5 есебімен алға шыққанымен, сол мүмкіндікті пайдалана алмады — 20:25. Ақыры талдықорғандықтар дәл сондай есеппен матчты түйіндей білді — 25:20.

Осылайша, 3:1 есебімен жеңіске жеткен «Жетісу» чемпиондық атаққа жақындай түсті.
Ертең қос клуб екінші финалдық кездесуін өткізеді.

Дүйсенбі күні сондай-ақ 7-орын үшін бәсекеде «Ару-Астана» алматылық команданы 3:1 (25:23, 25:21, 23:25, 27:25) есебімен тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қуаныштың» қола жүлде үшін өткен ойында  «Тұранды» жеңгенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар