Волейбол: «Жетісу» камбэк жасап, «Павлодарды» ұтты

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – «Жетісу» клубы Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турын сәтті бастады.

Қазақстан волейбол федерациясы
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Сейсенбі күнгі соңғы ойында Марат Адрышевтің шәкірттері өткен жылғы күміс жүлдегер «Павлодар» командасымен кездесті.

Алғашқы екі кезеңде павлодарлықтар 25:16, 25:17 есебімен басым түсті. Алайда бұдан кейін «Жетісу» жинақы ойнап, камбэк жасай білді – 25:16, 25:23, 15:11. Қорытынды есеп – 3:2.

Осылайша, ұпай санын 26-ға жеткізген талдықорғандықтар турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды.

Сәрсенбі күні «Буревестник» - «Жайық», «Есіл» (СҚО) – «Ұшқын-Көкшетау», «Атырау» - «Ақтөбе», «Тараз» - «Жетісу» командалары өзара шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Талдықорғанда волейболдан Қазақстан чемпионатының үшінші туры басталатынын жазған едік.

«Буревестник» тартысты матчта «Ақтөбені» ұтты.

«Жайық» жеңіс сериясын 11 матчқа жеткізді.