Волейбол: «Жетісу» клубы Азия чемпиондар лигасының ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Филиппинде волейболдан Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» командасы екінші кездесуін жеңіспен аяқтады.

"Жетісу" волейбол командасы
Фото: .instagram.com/vc_zhetysu

Талдықорғандықтар «А» тобында иорданиялық «Al Nasser» командасымен шеберлік байқасты.

Бұл жолы сербиялық маман Марко Гршич негізгі құрамда аздаған өзгеріс жасап, Кристина Аниконова мен «Қуаныштан» (СҚО) қосылған украиналық Юлия Дымарды алаңға бірден шығарды.

Қазақстандық волейболшылар аса қинала қойған жоқ. Үшінші сетте Перизат Нұрбергенова, Ирина Кенжебаевалар да ойынға қосылды.

«Жетісу» 3:0 (25:10, 25:15, 25:11) есебімен қарсыласын ойсырата ұтып, өз тобынан бірінші орынмен ширек финалға өтті.

Талдықорғандық команданың ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісудың» волейболдан Азия чемпиондар лигасын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар